|
19.05.2022 | 20:17
15619

Нұр-Сұлтанда «Арт спорт» бағдарламасы бойынша тегін үйірмелер жабылып қалуы мүмкін

Порталға 45 мың бала тіркелген

Нұр-Сұлтанда «Арт спорт» бағдарламасы бойынша тегін үйірмелер жабылып қалуы мүмкін

Нұр-Сұлтанда «Арт спорт» үйірмелеріне баратын балалардың ата-аналары мен кәсіпкерлер шу шығарды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Олардың айтуынша, қалалық әкімдік үйірмеге 1 жылда қабылданатын жеткіншектердің санын қысқартып тастаған. Оған қоса кәсіпкерлер алдында қомақты қаражат қарыз болып қалған көрінеді. Енді көпбалалы отбасылардың балаларына тегін спорт түрлерін көрсететін үйірмелер жабылып қалуы мүмкін.

7 баланың анасы Зиуар Жұманованың 5 сыныпта оқитын баласы дзюдоға барады. Көпбалалы ана тегін үйірмеден орын алу үші 3 жыл бойы кезекте тұрған. Оның айтуынша, ұлы бұрын тұйық болып, сабаққа ынтасы болмаған. Енді қазір сабақ үлгерімі жақсарып, спортқа қызығушылығы оянды дейді.  

«Түсінбеймін. Неге баланың білім алуына жағдай жасалмайды. Қаржы жоқ. Бала мәдениеті, сауатты болуы үшін оған Үкімет жағдай жасау керек», – деді қала тұрғыны Зиуар Жұманова.

Айгерім Абеева Спорт басқармасы үйірмеге қатысып жатқан баланың нақты санын көрсетпегендіктен жұмыс тоқтап қалды дейді. Себебі 2021 жылы тек 3 мың балаға ғана ақша бөлінген. Бұл халыққа тиімді бағдарлама болған соң 2022 жылы жарты жылдың ішінде Нұр-Сұлтан бойынша 20 мыңдай бала қатысқан. Алайда жауапты мамандар өткен жылғы көрсеткішпен есептеп, соған ғана қаражат бөлген.

«Неге бүкіл жерде бір компания қатысады?  Dat corporation деген компаниясы қаржы мекемелеріне есеп тапсырмайды», – деді кәсіпкер Әйгерім Абеева.

Нұр-Сұлтан қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев бір тендерге атын өзгертіп қатысатын компаниялардың әрекеті заңды дегенді алға тартты. Оның сөзінше, «Арт спорт» үйірмелері бойынша ең көп қаражат Нұр-Сұлтан қаласына бөлінеді. Бүгінде басқарма үйірмені ұйымдастыратын кәсіпкерлерге 1 миллиард 400 миллион теңге берешек боп қалған.

«Ол 3 айға. Кеше маслихаттың жиыны өтті. Сол кезде бұл қарызды төлеп береміз деген шешімге келдік. 2021 жылы 3 мың адам болған. 2022 жылы одан 2 есе көп ақша салынған. 1 миллиард 300 миллион салынған. Бірақ ол ақша бұл порталда 8 минут сайын бір бала қосылады. Бұл порталда бүгінгі таңда 45 мың бала бар», – деді Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев.

Әкімдік өкілдері ата-аналарға «Арт спорт» бағдарламасы жабылмайды деп сендірді. Ал наурыздан бері жаттықтырушылар мен жалға алатын залдың ақшасын өтеу үшін несие алған кәсіпкерлердің қарызын жақын арада өтеп береміз деп отыр.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир