Шетелдік автокөліктерді заңдастыру науқаны осы жылдың соңында аяқталады. Алайда темір тұлпарына мемлекеттік нөмір алып үлгермегендерге қатаң шара көзделмеген. Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқармасы бастығының орынбасары Алтынбек Жамалиев мәлімдеді. Ведомство өкілінің хабарлауынша, осы күнге дейін жалпы 240 мыңнан астам көлік заңдастырылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Биыл шетелдік автокөліктерді заңдастыру науқаны аяқталуға жақын. Осы бір жыл ішінде мыңдаған азамат Ресей, Армения, Қырғызстан сынды елдерден әкелген темір тұлпарын түрлі әдіспен легализациялады.
Елде 2022 жылдың 1қыркүйегіне дейін әкелінген көліктерді заңдастыру ісі жалғасып жатыр. Қажетті құжаттарын жинап Халыққа қызмет көрсету орталығының табалдырығын тоздырып жүргендер қатары сиремеген. Бірі темір тұлпарын уақытша тіркеуге, енді бірі конструктор ретінде есепке алуға өтінім берген.
– Конструктор көлікті тіркеуге өтініш өткіздім. «База істесе, бірден көлікті тексереміз» деді. Содан кейін нөмір аламын. Тізімде тұрмыз. Бәрі дайын. Көлікті 1 қыркүйекке дейін Ресейден әкелген, – деді қала тұрғыны Дулат Мырзахан.
ІІМ дерегінше, уақытша тіркеуге қойылған көлік саны 40 мыңға жуықтайды. Тең жартысы конструктор ретінде есепке алынғандар. Көліктерді заңдастыру 31 желтоқсанда аяқталады. Алайда ведомстводағылардың хабарлауынша, мемлекеттік нөмір алып үлгермегендерге тікелей қатысты қатаң шара әзірге көзделмеген.
– Ешқандай қатаң шара көзделмеген. Полиция өз жұмысын қалыпты жағдайда істей береді. Жол ережесіне сай, көлік құралында сақтандыру полисі, техникалық байқаудан өткен көліктің құжаттары болуы керек, – деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары Алтынбек Жамалиев.
2022 жылдың 1 қыркүйегінен кейін әкелінген көліктер заңдастырылмайды. Бірақ оларды есепке қоюға мүмкіндік бар. Министрлік өкілінің айтуынша, тіркелу үшін азаматтар темір тұлпардың алғашқы жарнасы мен утиль алымын төлеп, кедендік рәсімнен өткізуі шарт.
Оразай Нұртайұлы, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы