|
Jol
07.12.2023 | 21:20
5676

Балама қысым жасады: дөрекі қылығы қызу талқыға түскен мұғалімге қатысты іс қозғалды

Талғар ауданы білім бөлімінің дерегіне сай, жекеменшік мектептің облыс аумағында білім беруге лицензиясы жоқ

Балама қысым жасады: дөрекі қылығы қызу талқыға түскен мұғалімге қатысты іс қозғалды Кадр из видео: Almaty.tv

Талғарда баланың басынын бір қойып, еденге итеріп жіберген жекеменшік мектептің мұғаліміне қатысты облыстық прокуратура іс қозғады. Ал оқушының ата-анасы басқа да балаларға қысым жасалғанын айтып отыр. Ең сорақысы, 82 баладан айына 100 мың алып отырған жекеменшік білім ордасының облыс аумағында білім беруге лицензиясы жоқ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бейнежазбадағы ұстаздың дөрекі қылығы қоғамда қызу талқыға түсіп жатыр. Мұғалімнің оқушыны құлақ шекесінен бір қойып, еденге итеріп жібергені анық көрінеді. Ал ақсаңдаған бала аяғын сылтып басып, әрең орнына отырады. Ал зардап шеккен баланың анасы жағдайды бұлай қалдырмайтынын айтты.

– Балама жасалған физикалық қысым басқа да оқушыларға жасалыпты. Бүгін видеоны көріп, есім шықты. Баламды 19 қазанда ұрған. Бірақ ол кезде мектеп басшылығы видеоның өшіп кеткенін айтып, ақталды. Мұғалім де кінәсін мойындамай қойды, – деді оқушының анасы Анна Безрукавая.

Мән-жайды анықтамақ болып, басы дауға қалған жекеменшік мектепке бас сұқтық. Білім ордасының қызметкерлері түсірілім тобын маңына да жолатқысы келмеді. Өзін таныстырудан бас тартқан қызметкерлер «бұл – бізге жабылған жала» дейді. Олардың айтуынша, ғимаратқа жуырда көшіп келген.

Ал оқиға 19 қазанда осы мекемеде болған. Бірақ ол кезде білім мекемесінің атауы басқа болғанын жауаптылар да растап отыр.

– Ол жағдай болған кезде ғимаратты басқа білім мекемесі жалға алып отырған. Директоры – Омедже Космос. Оқиғаның ертесінде баланың анасы келгенде Елена Владимирқызы әрекетін мойындамады. Қазір Genius Talgar мектебіне бала жинап жатырмыз, – деді жекеменшік мектептің директоры Анар Мұхатова.

Баланың басынан бір қойып, намысына тиетін сөздер айтқан ұстаздың ісі бойынша қазір Талғар аудандық прокуратурасы іс қозғап, жағдайды бақылауға алғанын айтты.

– Аталған жағдай бойынша аудан прокуратурасы мен полиция басқармасына тиісті бағыт-бағдар беріліп, нәтижесінде процессуалдық шешім қабылдау мақсатында ҚК-нің 140-бабының 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру тізіліміне тіркелді, – деді Талғар ауданы прокурорының міндетін атқарушы Нұрлан Шохметов.

Талғар ауданы білім бөлімі де басы дауға қалған жеке мектептің облыс көлемінде білім беруге лицензиясы жоғын мәлім етті.

Әлібек Шынтемір, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: СҚО-да сабақ онлайн форматқа ауысты

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир