Алматыда азық-түлік дүкендері мен дәріханалар ғана жұмыс істейді

26.03.2020 04:10

Дәл қазіргі кезде ҚР ӘҚБК 476-бабы бойынша 99 құқық бұзушылық орын алған

Almaty.tv

Азық-түлік дүкендері мен дәріханалар ғана жұмыс істейді, деп хабарлайды Almaty.tv Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

  Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында қала әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев, қалалық Полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының басшысы Жандос Мұратәлиев, Алматы қаласы бойынша Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Наталья Дягилеваның қатысуымен бизнес нысандарының жұмыс форматтарының өзгеруіне арналған брифинг өтті.

  Алғашқы сөз кезегін алған қала әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев:  

– Қаламызда бірнеше кәсіпкерлік нысандары өз жұмыстарын тоқтатқаны белгілі. Бұл әсіресе сауда және қызмет көрсету салалары бойынша айрықша байқалып отырса, ертеңнен бастап бұл шектеулердің ауқымы кеңейе түскелі отыр. Мұндай қадамға баруымыздың себебін өздеріңіз де байқап отырсыздар. Бұған дейін жұқпалы дерт шетелден келген азаматтардан шығып жатқан болса, ендігі жерде қарым-қатынас арқылы жергілікті тұрғындар арасынан да шыға бастады. Сондықтан біздің басты мақсатымыз індеттің алдын алып, мейлінше қарым-қатынасты азайтуға күш салу. Індеттен құтылудың ең төте жолы да осы, – деген қала әкімінің орынбасары қызмет көрсететін салалардың да өз қызметтерін тоқтататынын жеткізді.  

  Мәселен, химиялық тазалау, кір жуу орындары, фотоателье, фото-салондар, оптика, ломбардтар, жылжымайтын мүлік агенттіктері, көлік жуу орындары, гүл сататын дүкендер, техникалық жөндеу орталықтары және т.б. өз жұмысын тоқтатады. Мейрамханалар мен кафелер шектеулі тәртіпке сай жұмыс істейтін болады. Олар тапсырыс бойынша тағамдарды арнайы жеткізіп бермекші. Бұл адамдардың сыртқа шықпауы үшін ең қажетті сақтық шаралардың бірі. Қазіргі жағдайда тек азық-түлік сататын орындар ғана өз жұмыстарын жалғастырады.  

– Қаладағы азық-түлік нысандары мен дәріханалар, медициналық қызмет көрсететін орындар ғана штаттық ережеге сай жұмыс істейтін болады. Бұл арнайы құрылған штаб пен Ұлттық комиссияның шешімі деді, – деді С.Тұяқбаев.

  Қаладағы төтенше жағдай ережесіне сай ойын-сауық орталықтары, интернет-клубтар, караоке, бильярд залдары, аквапарктер, фитнес залдары, бассейндер, спорт залдары, солярий, сұлулық салондары мен SPA-салондар да жабылады.

   Ал өз кезегінде сөз алған Алматы қаласы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының басшысы Жандос Мұратәлиев карантин кезінде болған құқық бұзушылықтарға тоқталды. Мәселен, дәл қазіргі кезде ҚР ӘҚБК 476-бабы бойынша 99 құқық бұзушылық орын алған. Олардың 55-і қамауға алынып, 43 адамға айыппұл салынса, бір адамға ескерту жасалды. Сонымен қатар, 10 кәсіпкерлік нысан иесі жауапкершілікке тартылған.  

Егер карантин тәртібін бұзып, ескерту жасалған кәсіпкер екінші мәрте құқық бұзатын болса, олар қылмыстық жауапкершілікке тартылып, бас бостандығынан айырылады, – деді Ж.Мұратәлиев.

  Ал Алматы қаласы бойынша тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Наталья Дягилева азық-түлік сататын сауда орындарында кассаға кезекке тұрғанда 2 метр қашықтықты сақтау қажеттігін баса айтты:

– Егер сауда орталықтарында немесе азық-түлік дүкендерінде мұндай талаптар орындалмаса карантин енгізудің маңызы болмай қалмай ма? Сондықтан кез келген сауда орындары осы талаптарды орындаулары керек, – деді Наталья Дягилева.