Президент тапсырмасымен электр энергетикасы нарығын дамытудың жаңа үлгісі дайындалып жатыр
Қазақстанда тауар газ тапшы. Қасым-Жомарт Тоқаев палаталардың бірлескен отырысында көгілдір отынды тұрмыстық емес, өндірісте де үнемдеуге шақырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қос палатаның бірлескен отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан сайланған депутаттарға сәттілік тілеп, алдағы жұмыстар туралы айтты. Президент сыртқы сауданы еркін дамыту керегін айтты. Алайда ішкі өнімдерді өндіретін өнеркәсіпті дамытуды ұмытпаған абзал екенін еске салды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы тауар газ тапшылығына тоқталды. Тоқаевтың айтуынша, былтыр көгілдір отын жетіспеушілігі байқалды. «Бұл жағдай бүкіл еліміздің энергетикалық қауіпсіздігіне қатер төндіре жаздады. Мұндай келеңсіздікке жол бермеу үшін нарықты газбен қамтамасыз ету керек. Қазақстанда оның бағасы көрші мемлекеттерге қарағанда әлдеқайда арзан. Шетелдегі сияқты әртүрлі тарифтерді бізге де енгізу мүмкіндігін қарастырған дұрыс» дейді Президент.
«Төмен тариф пен төмен баға экономикамызға теріс ықпал етеді. Бөлінген барлық субсидиялар көрші елдерге босқа кетеді. Қаншалықты қиын болса да, бұл мәселені біртіндеп шешу қажет. Басқа жол жоқ», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Яғни, қазіргі уақытта зәулім үйлерін күндіз-түні төмен тарифпен жылытатындар үшін жаңа жүйе бойынша газдың текше метрі қымбатырақ болуы тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев күнделікті тұрмыста да, мемлекет деңгейінде де үнемдеп үйрену керегін айтты. «Арзан екен деп бей-берекет жаға беруге болмайды» деген Мемлекет басшысы, Үкіметке тауар газының энергетикалық тиімділігін арттыру және оны үнемді пайдалану жоспарын әзірлеуді тапсырды.
«Негізі, баға төмен болған сайын осы салаға ақша салу мүмкіндігі азая береді. Сондықтан қазір біз бұл мәселені шешу жолдарын қарастырып жатырмыз. Әр отбасы мүшесі үшін немесе әр шаршы метр үшін төлеу әдісін ұсынамыз ба, оны уақыт көрсетеді. Бірақ мұндай норма бұрыннан бар», – деді ҚР Энергетика министрінің міндетін атқарушы Болат Ақшолақов.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы инфрақұрылымды дамытуға қатысты ұстанымдарды қайта қарау қажет екенін көтерді. Қазір Президент тапсырмасымен электр энергетикасы нарығын дамытудың жаңа үлгісі дайындалып жатыр. Сол арқылы осы салаға қосымша инвестиция тарту көзделіп отыр.
«Қазір Мәжілістің қарауында электр энергетикасына қатысты үш заң жобасы жатыр. Депутаттық корпус заңнамадағы тиісті өзгертулерді шұғыл түрде қарап, қабылдауы тиіс. Коммуналдық желілердің әбден тозуы салдарынан барлық өңірде дерлік қайта-қайта апат болып жатыр. Көптеген қалада жол, электр тарату желісі, газ құбыры секілді негізгі инфрақұрылымдардың тапшылығы қатты байқалады», – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық инфрақұрылым жоспарын қабылдауды ұсынды. Құжатта осы саладағы басты мәселелер ашық көрсетіледі. 2029 жылға дейін іске асырылатын негізгі жобалар қамтылуы қажет. Мемлекет басшысының баяндамасы шамамен бір сағатқа созылды. Естір құлаққа Президент дамытатын бағыттарды жіпке тізіп айтты. Енді тек орындау ғана қалып отыр.
Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астана