Ауыл шаруашылығы саласындағы реформаларға сапалы заң қажет - Мемлекет басшысы

30.03.2023 01:48

«Ауыл аманаты» жобасы қолға алынады

Almaty.tv

«Партиялар енді еліміздің болашағына зор ықпал ететін саяси үдерістің басы-қасында жүретін болады». Осылай деген Мемлекет басшысы бүгін жаңа жасақталған Мәжіліс депутаттарының алдағы жұмысын айқындап берді. Мәртебелі орынға  жайғасқан халық қалаулыларына алдағы 5 жылда атқарылуы тиіс қыруар шаруаны атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv    тілшісі.

«Ауыл аманаты» жобасы қолға алынады. Президент алдымен ауылдағы ағайынның жағдайын жасау керегін баса айтты. Шалғай елдімекендердегі кәсіпкерліктің дамуына күш салынбақ. Ол үшін 5-7 жылға жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Шаруашылық кооперативтері халыққа қызмет көрсету және өнім өткізу үшін құрылады. Оларға құрал-жабдық және техника сатып алу үшін субсидия беріледі. Бұл мақсатқа 1 триллион теңгеге жуық қаржы бөлінеді.

«Ауыл – ел бесігі», «Ауыл аманаты» жобасы ауылды дамытуға арналған жаңа тұжырымдамаға арқау болуға тиіс. Топырақтың құнарын сақтап, оны жақсарту үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет. Ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану үшін бақылауды күшейту маңызды. Өнім көлемін арттыруға және оны әртараптандыруға баса мән берген жөн. Ауыл шаруашылығы саласындағы реформаларға сапалы заңдар қажет. Бұл жұмысқа Мәжілістен орын алған «Ауыл» партиясы өз үлесін қосады деп сенемін», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Білім саласының жай-күйі де ауыз толтырып айтарлық емес. Орта білімнің деңгейін арттыру үшін батыл шешім қабылдау жетіспейді. Мемлекет басшысының айтуынша, ұстаздың абырой-беделін арттырып қана қоймай, оған қойылатын талаптың да жоғары болуы тиіс. Ал ендігі жерде медицина қызметкерлерінің құқығы заңмен қорғалады. Бұл адам жанына араша болған ақ халаттылар үшін маңызды бастама болды.

«Келесі екі жылда ауыл медицинасына көп көңіл бөлінеді. Оның ішінде 4 млнға дейін ауыл халқы көмекпен қамтылады. Сонымен қатар медицина қызметкерлерінің құқығы және олардың жұмыс барысындағы қауіпсіздігіне үлкен назар аударылатыны айтылып өтті.  Дәрігерді ұрып кететін жағдайлар орын алып жатса, онң қорғау үшін заң қабылдануы керек деп ойлаймын», – деді ҚР Президентінің іс басқармасы медициналық oрталығы аурухана басшысының орынбасары Мыңжылқы Бердіқожаев.

Ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған жәрдемақы 1 қыркүйектен бастап 14,5 пайызға артады. Президент Үкіметке осындай тапсырма жүктеді. Қазір елде бұл санатқа жататын 700 мыңнан астам адам бар екен. Асыраушысынан айырылған азаматтар да назардан тыс қалмайды. Көпбалалы аналарды қолдау, көрсетілетін жәрдем жалғасады.

«Тұрғын -үй, көпбалалы аналарды қолдау, мүгедек азаматтардың жәрдемақысын көтеру сияқты  мәселелер айтылды. Негізгі бағыт – жалпы әлеуетті арттыру. Елдің тұрмыс сапасын жақсарту. Сондықтан да алға қойылып отырған міндет өте өзекті. Бұның барлығына Парламенттік корпус сапалы заңдар қабылдауға атсалысады деп сенемін», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп.

Осымен Парламенттің қос палатасы да жаңадан жасақталып, жұмысқа кірісті. Алда атқарар  шаруа аз емес. Қараша халықтың күтері көп. Бастысы – халық қалаулылары Президент пәрменін тиісті деңгейде атқарады деген үміт басым.

Кәмшат Мұхамеджан, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астана