|
29.08.2020 | 13:48
13430

29 тамыз – Семей ядролық полигоны жабылған күн

Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Ядролық сынақтардан азат әлем үшін чемпион» мәртебесіне ие болды

29 тамыз – Семей ядролық полигоны жабылған күн e-history.kz

Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Ядролық сынақтардан азат әлем үшін чемпион» мәртебесіне ие болды. Біріккен Ұлттар ұйымының мұндай шешімі  Қазақстанның ядролық қарусыз әлем құрудағы ерекше үлесін ескеріп, Елбасыға аталмыш мәртебе беруге түрткі болған. Ал, жабылғанына 29 жыл толған Семей ядролық полигонынында қандай құпия операциялар жасалды? Ядролық қарудың зардаптары қандай болды? Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатсын.

83 жастағы Мелгис Әлкенұлы оқу бітіре салысымен 1961 жылы әскерге алынады. Физика мамандығын игерген сол кездегі 22 жастағы жігіт әскери борышын өтеу үшін Семейге жіберіледі. Қария ол кезде қай қалаға бара жатқанын білмеген. Мэлгис Әлкенұлы ядролық сынақ алаңдарында электр толқындарының сигналын бақылайтын осциллограф құрылғысының жұмысына жауапты болады. Полигонға келгенімізді тек сол кезде түсіндік және жарылыс болатынын білдік. Бірақ оның қаншалық қауіпті екенін ойламақ түгілі білген де жоқпыз дейді. Қарияның сөзінше жарылысты жасау үшін құрылғыларды дайындауға 1-2 ай уақыт кеткен. Ол қызметте жүрген кездегі ең алғашқы жарылыс 1962 жылдың 1 тамызында болған. Сол кездегі жас маман жарылыс болғаннан соң бір сағаттан кейін сынақ алаңына шығып электромагнитті толқынды өлшейтінбіз дейді.

«Мен сондай зақымданған сынақ алаңына 41 рет барыппын. Ол туралы тіпті ресми анықтама да бар. Дәл сол жылдың 7 тамызында жоспардан тыс тағы да жарылыс болды. Бірақ бұл сынақ жер астында орын алды, ол өте қауіпті. Ол кезде біз сынақ алаңынан кетіп үлгермеген едік. Радиация толқынының астына қалдық», – деді зейнеткер Мэлгис Метов.

Қарияның қаншалықты зиянкес сәулелерін алғаны белгісіз. Бірақ денсаулығындағы ақаулар үйге оралғаннан кейін білініпті. Кейіпкеріміздің денесінде белгісіз бөртпелер пайда болып, бас ауруына шалдығады. Кейін күрделі ота жасалады. Жарылыс алаңдарының тура басы-қасында қызмет еткен сарбаз қазір екінші топтағы мүгедек.

Бұл азапты операциялардың зардабын 1,5 миллионнан астам адам тартты. 1949 бен 1989 жылдар аралығында 500-ге жуық ядролық сынақтар жасалды. Барлық жарылыстың қуаты Хиросимаға тасталған бомбаның күшінен 2 жарым мың есеге көп дейді зерттеушілер.  

«Әрине, ядролық материалдың үлкен ерекшелігі оның көп уақыт өзінің қасиетін сақтауы. Сәуле шашу қасиеттерінің сақталуы сондықтан оның зардабының белгілі бір жерлерге тигізген қауіптілігі әлі де ұзақ уақыт сақталады. Радиациядан қалған қалдықтар, олар ерте ме кеш пе жерасты сулары арқылы миграциялық процестердің әсерінен жер шығуы мүмкін», – деді геоэколог Санат Түгелбаев.

Адамзат тарихында атомдық бомбалау 1945 жылы Хиросима мен Нагасакиде орын алды. Кейін араға екі жыл салып Семей полигоны пайда болды. Бұл кезде ірі державалар арасында қырғи-қабақ қару-жарақ бәсекесі жүріп жатты. Семейдегі жарылыстардың үні тек 1991 жылы Елбасының ірі ядролық полигонды жабу туралы шешімі шыққан соң ғана өшкен еді.

Алматыдағы Президент архивінде Семей полигонын жабу туралы Жарлықтың түпнұсқасы сақталған. Ел тағдырын шешкен бұл құжатта 1949 жылдан бері 500 сынақ жасалып оның елге тарттырған азабы жазылады. 1991 жылдың 29 тамызында құжатқа қол қойылып, сол күннен бастап өз күшіне енеді.

Халыққа қастандық жасалып жатқанымен Ресей тарапынан бұл зұлматты тоқтатуға ешкім мүдделі болмапты. Соған қарамастан полигонды жабу туралы жарлық шықпай тұрып Ресей елінің басшылығына ресми хат та жолданады.

«6 наурызда жазған хатында ол осы елдегі жағдайды айта келіп осы 40 жыл бойғы сынақ полигонының зардаптарын жаза отырып, жоғары басшылық тараптарынан осыны жабу туралы қандай да бір шешім қабылдауын сұрайды. Бірақ өздеріңізге белгілі ондай шешім қабылданбағандықтан, Нұрсұлтан Назарбаевтың өзінің цитата секілді айтып кеткен сөзі бар, жауапкершілікті өз мойнына ала отырып жоғары басшылықтың келісімінсіз КСРО Президенті ретінде осы Жарлыққа өзі қол қойған», – деді ҚР Президенті архиві директорының көмекшісі Мұхамед Жылгелдинов.

Миллиондаған адамның наразылығынан кейін 1989 жылдың 19 қазанында Семей полигонында соңғы жарылыс болады. Әйтсе де одан қалған із бен құрбандардың саны әлі де жетерлік дейді мамандар.

Назкен Еркін, Мұрат Тайжанов, Сағынғали Мұңайтпсаов, «Алматы» арнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир