Таразда тойдан кейін 30-ға жуық адам уланып, ауруханаға түскен

26.02.2020 17:32

Жаппай ішек инфекциясына тап болғандар қазір дәрігерлердің қатаң бақылауында

Жамбыл облысында тойханалардың бірінде болған тойдан кейін 30-ға жуық адам уланып, оның 8-і ауыр жағдайда ауруханаға түскен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Мамандар жеткізілген науқастар той асынан ауыруы мүмкін деп отыр. Жаппай ішек инфекциясына тап болғандар қазір дәрігерлердің қатаң бақылауында.

Тараз мейрамханасына тойға барғандардың бәрі ертесінде жаппай ауруханаға түскен. Өздерін жайсыз сезінгендер, алғашында іштері ауырып, кейін қызулары көтеріле бастағанын айтады. Тіпті тойға бармай-ақ, үйге келген сарқыттан дәм татқандар да сырқаттанып қалған.

«Тойханадан пакетке салып әкеткен. Ауылдағы тойға келмеген  бала-шағасы жеген. Олар да ауырып жатыр. Меніңше, кешегіге дейінгі есебім бойынша, 22 адам ауырған. Бүгінгі күнмен есептесем 30-ға жетіп отыр. Әр тойда осындай жағдай орын ала беретін болса, не болады?  Қазақтың әрбір күні тоймен өтіп жатыр ғой. Инфекция – жақсы нәрсе емес», – дейді  науқас Мұхтар ШАХАНОВ.

Бірінші күні дәрі-дәрмек ішіп амалдағандар аурудың бетін қайтара алмай, ақыры жедел жәрдәм шақыртуға тура келген. Ал ақ халаттылар аурудың асқынғанын көріп, бірден облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізген.  

«Қалтырап, дірілдеп ауыр жағдайда түсті, әрине. Қазір жағдайы орташа дәреже деп бағалануда. Түрлі-түрлі мысалдар айтып жатыр. Сондықтан біз бір тұжырымға келе алмаймыз», – дейді  Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бөлім меңгерушісі Талғат ШЫМЫРБАЕВ

Денсаулығына алаңдаған жұрт «той болған мейрамхананы тексеруден өткізу керек» дейді. Ал құзырлылар  «шағын және орта бизнесті  тексеруге мораторий» жариялануына байланысты қазір тойхананы тексерудің мүмкін еместігін айтады. Ал мейрамхана әкімшілігі өздеріне шаң жуытар емес. Айтуларынша, тойға жиылғандар ауруханаға бірнеше күннен кейін түсе бастаған. Олар сарқыттың уақытын өткізіп жеуі мүмкін дейді.

Мерей Бает, Олжас Ерғали,  Мейіржан Ерболатов, «Алматы» арнасы, Тараздан