Енді көшеде кез-келген үй жануарын ертіп, қыдыруға шығара алмайсыз. Вакцинацияланбаған және зарарсыздандырылмаған ит - мысықты ұстауға қатаң тыйым салынады. Ал олар иесіз жүрген жағдайда арнайы орындарға қамауға алынбақ. Жануарларға қатысты жаңа заң жобасын экология және табиғи ресурстар министрлігі қоғам талқысына шығарды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қоғам талқысына жіберілген жаңа заң алдымен жануарларға зәбір көрсететіндер мен жалпы дұрыс қарамағандарға жауапкершілікті күшейтуге бағытталып отыр. Қазір елде үй жануары жабайы деп аяусыз ұрып-соғу, қорлау фактілері жиілеп кеткен. Мұны елордалық Елена Гайдаш та растап отыр. Сөзінше, ит-мысықты қатыгездікпен өлтіріп, тірідей өртеп жатқан жәйттер де бар екен. Ол мұндай қатыгездікті болдырмау үшін заң керегін айтты.
«Естуім бойынша Алматыда көшеде ит алып қыдырып жүруге болмайды. Бірақ бізде мұндай шектеу жоқ. Апта сайын жуындырып, серуенге арнайы киіндіріп алып шығамыз. Бірақ арнайы үй жануарларын қыдыртатын орын жоқ. Адамдарға да қоғамдық орындарда қауіп тудырмас үшін алаң керек», – деді қала тұрғыны Елена Гайдаш.
Үй жануарларын ұстау мен серуендету ережесіне сәйкес енді оларды баспалдақ алаңында, шатыр мен жертөледе жүргізуге жол берілмейді. Ит-мысық асырап отырған жандар басқаларға зиян тигізбейтіндей жағдай жасауы керек. Сондай-ақ қолдағы жануар вакцинацияланбаған немесе тазаланбаған болса онда иесі жауапқа тартылады.
«Үй жануарларын ұзақ уақыт қараусыз қалдыруға жол берілмейді. Бақылаусыз қалған иттер үшін шекті мерзім 12 сағаттан, мысықтар үшін 48 сағаттан аспауы керек. Ал тасымал жағына келетін болсақ көліктің барлық түріне рұқсат етілген. Сондай-ақ қоғамдық орындарда адамды қауып алса немесе зиян келтірсе 10 күндік қамаққа алынады. Жауапкершілік иесіне жүктеледі», – деді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі комитетінің бас сарапшысы Ринат Исмағұлов.
Жануарларды қорғауға қатысты жаңа заң жобасы әзірге күшіне енген жоқ. Министрлік бастаманы қоғам талқысына ұсынды. 6 сәуірге дейін көпшілік пікірі тыңдалып, кейін шешім қабылданбақ.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Астана