Шымкенттегі тарихи мешітке қатысты дау шықты

Almaty.tv
Almaty.tv
Ғимаратты сүруге сәулет басқармасы келісім берген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Шымкентте бір жарым ғасыр тарихы бар нысан енді жоқ». Мән-жайды баяндап әлеуметтік желіге жариялаған тұрғынның видеосы көпшілікті бей-жай қалдырмады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл – Шымкенттегі жалғыз-тарихи мешіт аумағы. Ғимарат 19 ғасырдың соңында бой көтерген. Иесі «атадан балаға мирас боп қалған нысанды күтіп-баптау оңай емес» дейді. Шағымын айтып әкімдікке талай барған. Алайда атқамінерлерден жарыған жауап болмапты.

– Әкімге музей жасайық деп бардым.Көнбеді. Мешіттің атын атасаң қашады. Оның алдындағы әкімдер де сөйтті. Мен рұқсат бердім, – деді мешіт иесі Сейдахан Мамыров.

Әкімдік есігін жағалаған мешіт иесі апатты деп танылған маңындағы ғимаратты сүруге бел буған. Бірақ бұл көпшілік шу шығарған тарихи мешіт емес. Ол 1980 жылы бой көтерген медресе. Орнына демеушілер көмегімен көліктер тұрағын салмақ.

– Медресе 1980 жылы салынып, 1986 жылы пайдалануға берілген. Медресенің біреуін 2014 жылы мердігерлер арқылы бастан-аяқ жөндеткенбіз. Бірақ келесі ғимарат тұрған еді. Апатты ғимарат болған соң сүрілді, – деді Шымкент қаласының имамы Бақдәулет Әбдірахманов

Шыққан шуға жағдайды бүгін ғана естідім деген шаһар басшысы да араласты.

– Мен әлеуметтік желілерден таңертең білдім. Онда мешіт қана мәдени ғимараттардың тізіміне кіреді, – деді Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков.

Мешіт – қаладағы тарихи орындардың бірі. Ал жанындағы ғимаратты сүруге сәулет басқармасы келісім берген. Бірақ қала әкімі бейхабар болып шықты. Ал ғасырдан астам тарихы бар мешіттің болашаққа музейге айналар-айналмасы әлі белгісіз.

Назерке Үкібасова, «Алматы» телеарнасы, Шымкент

Оқи отырыңыз: Астаналықтар пәтеріне жертөледегі ақылы тұрақ арқылы кіруге мәжбүр

Новости партнеров