Дағдарыс орталығының мамандары депутаттың айтқанымен мүлде келіспейді
Отбасында жанжал туған кезде ерімен қосып әйелін де 15 күнге қамау керек. Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы мәлімдеме осындай жасады. Ал отбасында ерінен қорлық көргендерге пана болатын дағдарыс орталығының мамандары мұндай ұсынысты мүлде қолдамайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Депутаттың мұндай даулы мәлімдемесі Мәжіліс қабырғасында тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі талқыланып жатқанда айтылды. Отбасылық жанжал кезінде әйел адамды да қамау керек деген сөз айтыла сала, оның арты дауға ұласты. Алайда Жарқынбек Амантайұлы қоғам оның сөзін дұрыс түсінбеді деп ақталды. Депутат «жауапкершілік отбасының екі мүшесіне де қатар артылуы керек дегенді меңзедім» дейді.
– Бірыңғай, біржақты шара қолданылады. Екеуіне де бірдей шара қолдану керек. Мен пікір айттым, әлеуметтік желіде 50 пайыз ер азаматтар қолдағанын көріп отырмын. Сондықтан мұндай да пікір болуы керек, оны білуіміз керек. Бірақ әйел адамды ер азаматпен бірдей жазалау мүмкін емес. Оған қарсымын, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жарқынбек Амантайұлы.
Ал күйеуінің тепкісіне қалып, қорлық көргендер паналайтын дағдарыс орталығының мамандары депутаттың айтқанымен мүлде келіспейді. Олар «халық сайлаған адамның осындай сөзді айтуы ақылға сыймайды» дейді.
– Біздің дағдарыс орталығына қыркүйекте 40-қа жуық адам жүгінді. Қазір 64 әйел баласымен тұрып жатыр. Ғимараттың сыртында оларды күйеуінің күтіп тұрғанын көргенде, қиналып қаламын. Егер депутаттың айтқаны қолдау тауып, сондай заң шықса, әйел адамдардың қорлық көруі көбейіп кетеді. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың кесірінен әйелі көз жұмған жағдай кездескен, – деді «Қорғау Астана» қорының жетекшісі Анна Рыль.
Депутат Жарқынбек Амантайұлы отбасылық жанжал кезінде әйелдер де жауапкершілікке тартылуы керек деп дабыл қағып жатқанда, әріптесі Қарақат Әбден басқарушы қызметтерде әйел адамдардың үлесі аз екенін сынға алды. Оның айтуынша, 6-7 пайызды ғана құрайды. Сондықтан депутат гендерлік теңдік орнату жолында жұмыс істеуді ұсынды.
– «Халықтың 50 пайыздан астам үлесіне тең әйелдер неге лауазымды қызметте 50 пайызға жетпей отыр?» деген заңды сұрақ туындайды. Көп ойланудың қажеті жоқ. Гендерлік теңдікті қамтамасыз ету жолында 30 пайызға жеткізіп, 50%-ке ұмтылуымыз керек, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қарақат Әбден.
Осылайша, Қарақат Әбден Премьер-министрге әкімдердің қызметін бағалайтын рейтингке өңірдегі топ-менеджменттегі әйелдердің үлесін анықтайтын көрсеткіш қосуды, Үкімет тарапынан әйелдердің саяси көшбасшылығын дамытуға қатысты нақты бағдарлама даярлауды ұсынып отыр.
Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Бейіттегі бассыздық: Қаскелеңдегі зиратта темір ұрлығы тыйылмай тұр