Зираттарда темір ұрлығы тыйылмай тұр. Қара металл іздегендер қоршау түгілі, жерлеген кезде қойған белгіге дейін алып кеткен. Оған бір мысал – Алматы облысының Қаскелеңіндегі қараусыз қалған зират, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әлеуметтік желіде тараған видео авторы бөгде біреу әкесінің бейітін қиратып кеткенін, басына қойған белгіні басқа бір жерге лақтырып жібергенін айтады. Бұл әрекетті «нағыз вандализм» деп сипаттайды. Анықталғандай, оқиға орны – Қаскелеңдегі христиандар зираты. Онда қазір бір мазар ғана емес, көбі қоршаудан жұрдай. Темірі тоналып, марқұмның аты-жөні жазылған тақтайшалар аяқ астында жатыр.
– Кейбір бейіттің шарбағын кесіп алған. Тіпті қойған белгілерді қиратқан. Менің ойымша, бұл әрекетке барғандар зираттан темір ұрлап, өткізіп жүр. Олар осындай опасыз жолмен ақша табады. Өкінішке қарай, адамдар жерленген аумақ қараусыз, өткен-кеткен қалағанын істейтін жерге айналған, – деді Алматы қаласының тұрғыны Светлана Каштан.
Марқұмдар жатқан үлкен аумақ бір қарағанда дарбазамен түгел қоршалғандай көрінеді. Алайда ол бергі жағы ғана. Іші толған қоқыс. Шарап пен сыраның бөтелкесі шашылып жатыр. Көбіне көзге бірден түспейтін бейіттер тоналған.
Қаскелең әкімінің айтуынша, қаланың өзінде 6 зират бар. Барлығын қарау үшін бюджеттен 2 миллион теңге бөлінеді. Алайда ол қаражат аумақты тазалауға, қоқыс шығарып, ағаш кескенге ғана жетеді екен. Қоршау салу немесе күзет қою үшін ақша жетпейтін көрінеді.
– Үкіметте нақты қаражат бөлінбеген. Қарауылға ақша жоқ. Бірақ адам жерлеуге орын бар тұстарын қарайтын адам бар, – деді Қаскелең қаласының әкімі Асқар Мұқашев.
Жергілікті тәртіп сақшылары, қала әкімі де ешбір тұрғын мәселеге қатысты шағым жазбағанын айтты. Арыз бен айғақ болмаған соң, тергеу де жүрмейтіні анық. Негізі зиратты қирату – вандализм. ІІМ өкілінің айтуынша, заң бұзғандарға қолданатын жаза күшейген.
– Вандализм бойынша жауапкершілік – 160 АЕК, яғни 560 мың теңге көлемінде айыппұл салынады. Немесе 160 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмысқа тарту және 40 тәулікке қамауға алу көзделген, – деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Алмасхан Садыханов.
Дауға айналған зиратта 500-ден астам бейіт бар. Ата-баба рухына тағзым етуге келгендер «аумақты толық қоршап, темір қабылдайтындарды түгел тексерсе» дейді. Тұрғындар зиратқа түскен баукеспелерді ұстау үшін айғақ жинауға көмектесуге дайын екенін айтты.
Оразай Нұртайұлы, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Түркістан облысында үш әйел зейнеткердің атынан несие рәсімдеген