Алматыда 1000-нан астам көпбалалы ана мен тұрмысы төмен отбасылар қайтарымсыз грант ұтып алған

13.02.2020 04:50

Кез-келген кәсіп ашқысы келген азамат «Бастау Бизнес», «Жас кәсіпкер» және «Isker Ana» орталықтарына келіп дәріс ала алады

Almaty.tv

Ниет пен еңбек. Бұл – жетістікке жетіп жүрген алматылық көпбалалы аналардың ұстанымы. Солардың ішінде Айгүл мен Жанат та – өз мақсаттарына жеткен жандар. Олардың әр күні кездесулер мен кәсібін дөңгелетуге деген жаңа мүмкіндіктерге толы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Айгүл Дүмдебаева – алты баланың анасы. Оның ішінде үшеуі туғаннан ерекше күтімге мұқтаж. Келіншектің өзі де бірнеше жыл тағдырдың тауқыметіне тартып төсек тартып жатқан. Алайда жігерлі келіншек мойымай, отбасының қамы үшін кәсіп көзін тауып, тігін машинасына отырған.

«Маған балаларым мен жолдасым көмектеседі. Күйеуім жұмысқа шығайын десе, үш балаға күтім керек. Ал маған ауыр көтеруге болмайды. Содан бұлай болмайды, өз кәсібімді ашайын деп шештім. Тігіншіліктің қыр-сырын анамнан үйренгем. Мемлекеттен көмек болса, кәсібімді кеңейтіп, балаларымды қатарынан қалдырмай өсіргім келеді», - деді көпбалалы ана Айгүл ДҮМДЕБАЕВА.

Көпбалалы ананың бизнес жоспары да дайын. Конкурстарға қатысып, қайтарымсыз 5 миллион теңге ұтып алсам деген арманы бар.

Жеке кәсіп ашу – Жанат Беспаеваның да бұрыннан келе жатқан мақсаты. Ол бірнеше жыл шет елдерден келетін гүлдерді саудалап келген. Алайда уақыт өте келе, оларды өзі өсіре бастаған.

«2013 жылдан бері Голландиядан гүл сатып ала бастадық. Осы бес жыл көлемінде , алтыншы жылға таяп біз қызғалдақты аз ғана егіп сатып жүргенбіз. Содан соң «Атамекеннен» 505 мың теңге грант жеңіп алып, өзіміз жылыжайымызды ұлғайтып, егіп жатқан гүлдеріміздің санын көбейттік», - деді көпбалалы ана Жанат БЕСПАЕВА.

Жанаттың ендігі мақсаты – жылыжайын кеңейту. Қазір конкурсқа қатысу үшін бизнес жоспарын дайындап жатыр. Жанат пен Айгүлдің кәсібін ары қарай дөңгелетуіне  «Қолдау» кәсіпкерлерді оқыту орталығы мұрындық болыпты.

«Бізде жобаларды құрып, жүзеге асыратын және олардың құжаттарымен айналысатын департамент бар. Яғни, біз құжаттарды барлық мемлекеттік мекемелерден өткізуге көмектесеміз. Негізінен кәсібін жаңадан бастап жатқандарға не кәсібін дөңгелетіп жүргендерге бағыт-бағдар берумен, оқытумен айналысамыз. Кез-келген бизнеске қатысты сұрақтың жауабын бізден ала алады», - деді QOLDAY кәсіпкерлерді оқыту орталығы департаментінің директоры Сәуле ОРМАНОВА.

Кез-келген кәсіп ашқысы келген азамат «Бастау Бизнес», «Жас кәсіпкер» және «Isker Ana» орталықтарына келіп дәріс алуларына болады. Қазірдің өзінде қала бойынша 1000-нан астам көпбалалы аналар мен тұрмысы төмен отбасылар грант иегерлері атанған. Сонымен қатар 120 адамға іс бастауға демеушілер көмектессе, 72-і шағын несиеге қол жеткізген.

Қуан Нұрақын, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы