Алматының 8 аймағында су басу қаупі толық сейілді. Бұл жұмысты төтеншеліктер өткен жылдық тәжірибенің арқасында абыроймен атқарып шықты. Құтқарушылар өз шеберлігін қайта пысықтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматыда күн күрт жылынып, бірқатар ауланы еріген қар суы басты. Тұрғындар лайға батып, үйден шыға алмай қалды. Енді оларға көмек керек. Дәл осындай жағдайға дайын болу үшін құтқару қызметі Сайран су қоймасында өз шеберлігін тексеріп көрді.
Төтеншеліктер өткізген дайындық жұмысында олар арнайы техникасын да тексеруден өткізді. Мәселен, мынандай шағын ғана су соратын құрылғы ауланы су басқан жағдайда қолданылады. Ал сел жүрсе немесе өзен, көл арнасынан асқан жағдайда, 15 есе күшке ие арнайы техника жұмылдырылады. Ол сағатына 1 мың тонна су сорады.
Арнайы техниканың көмегімен айдалған су өзен арнасынан аулақ жерге төгілді. Дайындық барысында сусорғышқа жиналған сұйықтық ағаштарды суаруға қолданылды. Төтеншеліктер жұмысын мұқият қадағалап, ұйымдастырушылар да мұны атап өтіп, дайындық барысына оң бағасын берді.
«Біздің біріктірілген жасақ Төтенше жағдайлар министрлігінің құрамына кіреді. Алматы гарнизоны қаладан бөлек, еліміздің өзге өңірлерінде де қауіпсіздікті сақтау үшін және қауіп төнген жағайда оны жою үшін құрама жасақ ұйымдастырады», - деді ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бөлімінің бастығы Әділбек Жұмабаев.
Айта кетсек, қар ери бастағанда құтқарушылар негізгі іске көшеді. Оған су арнасынан тасымас үшін арық пен арнаның, өзеннің сағасын кеңейту, сондай-ақ тазарту жұмыстары кіреді. Сондықтан бұл шаруаға 700 бірлік техника мен қаланың 5 мың құтқару қызметкері жұмылдырылды.
Оразай Нұртай, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы