Мүгедектік құжатын бергені үшін пара алған шенеунік белгілі болды

13.09.2024 01:22

Жетісу облысында ол делдалдар арқылы бірнеше рет 450 мың теңге алған

Almaty.tv

Жетісу облысында шенеунік мүгедектік құжатын бергені үшін пара алып отырған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитеті департаментінің медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінің бұрынғы басшысы делдалдар арқылы бірнеше рет 450 мың теңге пара алған. Бұл істе одан бөлек, Панфилов ауруханасының травматологі мен Сарқан аудандық ауруханасының психиатрі және Ақсу ауруханасының УЗИ дәрігері бар. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлық ісі Талдықорған қалалық сотында қаралып, экс-басшы мен үш делдал және 5 пара берушіге қатысты үкім жарияланды. Судья оларды кінәлі деп танып,  60, 20, 10 есе айыппұл салды.  Кесілген соманы төлеуден жалтарған жағдайда, төленбеген бөлігі бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылады.

Сот үкімімен бөлімнің бұрынғы басшысы 8,7 млн теңге, травматолог 9 миллион теңге, психиатр мен УЗИ дәрігерлері 300 мың теңге және 700 мың теңге айыппұл төлейді. Бес пара берушіге Қылмыстық кодекстің 367-бабының 1-бөлігі бойынша 450 мыңнан 1,5 миллион теңгеге дейін айыппұл салынды, – деді облыстық соттың ресми өкілі Нұрсұлтан Орынбасаров.

Оқи отырыңыз: Ойыннан от шықты: Атырауда 9 жастағы бала велосипедті өртеп жіберді