Петропавлда үйі өртенген отбасыларға жаңа баспана беріледі

22.06.2023 01:22

Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров айтты

Фото ашық дереккөзден

Петропавлда үйлері өртеніп кеткен тұрғындарға жаңа баспана беріледі, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров айтты. Мамыр айында қаладағы 9 көп қабатты үй толығымен өртеніп, тағы екеуіне зақым келген еді. Осының кесірінен шаһарда төтенше жағдай жарияланған болатын.

«Оқыс оқиға болып, екі күн өткен соң барлық тұрғын уақытша баспанамен қамтамасыз етілді. Жалға алу қаражаты төленген болатын. Қазір құжаттар жағы реттеліп жатыр. Бағалау жүргізіліп болған соң, біз азаматтарға баспананың кілтін береміз», –  деді Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров.

Облыс әкімі Айдарбек Сапаров өңір өрт қаупі жоғары маусымға дайын екенін жеткізді. Мәселен, Солтүстік Қазақстанда 12 орман шаруашылығы бар. Әкімнің айтуынша, олардың 80 пайызы қажетті техникамен жабдықталған. Сонымен қатар, шаруаларда 55 бақылау пункті жұмыс істеп тұр екен.  

«Қазір өрт сөндіру көліктері мен техникаларға түгендеу жүргізіліп жатыр. Шаруалар бюджетке өтінім беруге дайындалуда. Егер өтінімдерін уақытылы өткізіп, құжаттары дайын болса, біз қосымша қаржы бөлуге дайынбыз», – деді Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров.