Әскерилердің сөзінше, қоғамдық орындарды, тратуарларды дезинфекциялау үшін күніне шамамен екі цистерна сұйықтық кетеді
Алматыда дезинфекция жасаудың 12-кезеңі басталды. Бүгін 8 мыңға жуық подъезд бен мың жарымға жуық аула тазартылды. Қаладағы тұрғын үйлер мен кіреберістерден бөлек мектеп пен балабақшалардың аулалары да дезинфекциядан өтіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шаһарда коронавирустың алдын алуға бағытталған дезинфекция жұмыстары кезең-кезеңімен жоспарлы түрде жасалып жатыр. Бүгін сондай шаралардың он екінші кезеңі басталды. Жалпы бір кезең үш күнге бөлінеді. Бір күнде дезинфекцияға шыққан мамандар 8 мыңға жуық подъезд бен мың үш жүзден аса ауланы тазалап шығады. Ал келесі күні 8 264 подъезд бен 1426 ауланы залалалсыздандырады. Үшінші күні тағы 7 268 кіреберіс пен 1345 ауланы арнайы сұйықтықпен жуады. Қаладағы тұрғын үйлер мен алаңдардан бөлек мектеп, балабақшалардың да маңайы шайылады. Мәселен, бүгін Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының әскери қызметкерлері таңғы жұмыстарын қаладағы мектептер мен балабақшалардың аулаларын тазалаудан бастады.
Қазір сарбаздар «Думан» ықшам ауданында орналасқан нөмірі 172 мектеп-гимназияның аумағын тазартып жатыр. Олар мынадай арнайы сұйықтық құйылған көлікпен аумақты тазартып, дезинфекциялық шараларды жүргізіп жатыр. Жалпы мынадай көлікке 6 тонна сұйықтық сияды. Ол 60 мың шаршы метрді аумақты тазалауға жеткілікті.
Әскерилердің сөзінше, қоғамдық орындарды, тратуарларды дезинфекциялау үшін күніне шамамен екі цистерна сұйықтық кетеді. Сондай-ақ, олар мұндай арнайы техникалар әскерилердің жұмысын жеделдетеді әрі жеңілдететінін айтады.
«Жеке құрам 12 адам жұмылдырылған. Залалсыздандыру жүргізу жұмысы барысында барлық қорғаныс шараларын қолданамыз», – деді Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты құрлық әскерлерінің әуе шабуылына қарсы қорғаныс кафедрасы оқу-зертханасының инженері Мейірбек ЖӘУТІКОВ.
Бүгін әскери-институттың жеке құрамының көмегімен қаладағы 63 мектеп пен 48 балабақша алаңы зарарсыздандырылды. Арнайы сұйықтықтың құрамына гипохлорид ерітіндісі қосылады. Ол қоршаған ортаға зиян келтірмейді дейіді мамандар.
Ал жалпы бүгін дезинфекция жұмыстарына қала бойынша 64 бригада яғни 467 адам жұмылдырылған. Дезинфекция жасайтын мамандар алдын ала оқытылып, дайындалған.
«Еліміздің Қарулы күштерінде қызмет етіп жүрген әрбір әскери қызметкер барлығына үйретілген. Әсіресе осы радиохимиялық, биологиялық қорғаныс шаралары, берілген нысандарды қалай дезинфекциялау керектігі алдын ала оқытылған. Сондай-ақ, біз күніне екі рет медициналық тексерістен өтіп отырамыз», – деді Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты ақпараттық технологиялар бөлімінің аға офицері Арман АХМЕТОВ.
Бүгінде қалада 23 мың 454 кіре беріс, 8 мың 503 көпқабатты тұрғын үй және 4 мың 82 аула бар. Ауру ошағы саналатын орындарды кәсіби санэпидемиологтар, тұрғын үйлерді клинингтік компания өкілдері, ал көшелер мен қоғамдық орындарды әскери қызметкерлер таңнан кешке дейін дезинфекциялап шығады.
Назкен Еркін, Ескендір Тоғыспаев, «Алматы» арнасы