Мақтаарал ауданының бірнеше елдімекенінде қызыл судан төніп тұрған қауіп сейіле бастаған

05.05.2020 01:57

Ауданда 10 елдімекен қауіпті аймақта орналасқан

Самат Мырзалиев

Мақтаарал ауданының 10 елдімекені қауіпті аймақта орналасқан. Оның 5-уі, яғни Жаңатұрмыс, Жеңіс, Фирдоуси, Өргебас, Достық ауылдары су астында қалды, деп хабарлайды  Almaty.tv.

Ал, қалған 5 елдімекенде қызыл судан төніп тұрған қауіп сейіле бастаған. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов арнайы өткізген баспасөз отырысында мәлімдеді.

Тас түскен жеріне ауыр. Әп-сәтте елді әбігерге салған қызыл су, 5 бірдей ауылдың астан кестеңін шығарды. Жиған мал мен мүлік түгелімен су астында қалып қойған. Ал, ауыл тұрғындары әкімдіктің ертерек ескерту жасамағанына наразы.

Шум:

Ешқандай ескерту болған жоқ. Ол диханшылықты қоя беріңізші, үйлерімізді көрдіңіздер ме? Ешнәрсе алып шыға алмадық. Құжатымызды  ғана алдық, қалған затымыздың бәрі су астында қалды.

Мақтаарал ауданында су басу қаупі бар, яғни Нұрлы жол, Фирдоуси, Мырзакент, Өргебас, Ырысты елдімекенінің аумағына бөгеттер жасалған. Сондай-ақ, Жантақсай елдімекенінің маңынан ұзындығы 800 метр болатын бөгет те тұрғызылған. Одан бөлек, көрші Жетісай ауданында Қоғалы ауылының автомобиль жолының бойында ұзындығы 500 метрден асатын бөгет салу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Оған 600 астам адам мен 15 техника тартылған деді облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов.

«Бүгінгі таңда Мақтарал ауданында 14 елдімекен қауіпті аймақта орналасқан. Оның 5-уі, яғни Жаңатұрмыс, Жеңіс, Фирдоуси, Өргебас, Достық ауылдары су астында қалса, қалған 5 елдімекенді облыс әкімдігі, облыстық Төтенше жағдайлар департаменті, ҚазСУШар және ауыл тұрғындарынан құралған волонтерлердің көмегімен су басу қаупінен шығарылды. Соның ішінде атап өтетін стратегиялық маңызы зор 14 мыңнан астам халқы бар Мырзакент елдімекені қызыл су басудан аман қалды. Мырзакенттіктер бүгіннен бастап арнайы автобустармен үйіне  қайтарылады», – деді облыс әкімінің орынбасары Сәкен ҚАЛҚАМАНОВ.

Су тасқынының салдарынан қиын жағдайға ұшыраған мақтаралдықтарға еліміздің түкпір-түкпірінен көмек келіп жатыр. Күнделікті қажеттілікке тұтынатын тауарлардың тағы бір легі бүгін Алматыдан жеткізілген. Ал, Шымкенттен бүгін тазарту жұмыстарына арналған арнайы техникалар жолға шығыпты.

«Мақтарал ауданының әкімімен алдын-ала сөйлесу барысында олар бізге техника жағынан көмек көрсетуімізді өтінді. Бірінші күннен 11 техниканы жібердік, бүгін тағы да техиника жіберіп жатырмыз. Әрқашанда, көмек қолын созуға дайынбыз. Мақтааралдық ағайынға керек болған жағдайда басқа да көмектер ұйымдастырылатын болады», – деді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Алмасбек МАМЫТБЕКОВ.

Тасқынның арнасы әзірге Арнасайға бұрылған, ағысы да бәсеңсіген секілді. Дегенмен барынша сақтық шаралары жүргізіліп жатыр дейді шенділер. Ал, қазіргі таңда су астында қалған мал, мүліктің шығыны есептеліп жатыр.