Серік Негимов Президент мақаласы туралы: Жігерлі, білімді, іскер жастардың қатарын көбейту – аға ұрпақтың парызы

06.01.2021 в 01:22

Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінде «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы жарияланды

Қазақтың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды. Ол туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетінде жариялаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында жазды. Мемлекет басшысы келесі жылы Жер кодексінің жекелеген нормаларына қатысты енгізілген мораторийдің мерзімі аяқталатынын айтты. Сондай-ақ жас ұрпақ байтақ Қазақстанның ғажайып жауһарларын білуге тиіс деді. Ұлттық мүддені қорғау, отансүйгіштік, елдегі тұрақтылық пен береке-бірлікті сақтаудың маңыздылығына тоқталды. Толығырақ Almaty.tv тілшісінің бейнематериалында.

«Бағдар мен белес», «Таным мен тағылым», «Қоғам мен құндылық», «Ұлағат пен ұстаным». «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған Президенттің мақаласы осындай бөлімдерден тұрады. Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздіктің 30 жылдығында Елбасының дара көшбасшылығының арқасында толағай табыстарға қол жеткізгенімізді атап өтті. Сондай-ақ, егемендігіміздің тұғыры берік болуына халқымыздың даналығы мен парасаты, бірлігі мен ынтымағы, қажырлы еңбегі үлкен сеп болғанын жазды.

«...Елбасы Тәуелсіздігіміздің мәңгі символына айналды десек, ақиқатты айтқан болар едік. Алдағы төртінші онжылдықтың бізге жүктейтін міндеті – қуатты елдің иесі және кемел халық болу. Бұл жолда саяси-экономикалық реформаларды және сананы жаңғырту үдерісін жалғастырып, заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруымыз қажет», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қазақ үшін әр жердің өзі қымбат, бір уыс топырақтың өзі алтын екенін айтты. Өз жауһарларымызға өзіміз қиянат жасап жүргенімізді ашына жазды.

«Асқар тауларымыз бен айдын көлдерімізді, ұлан-ғайыр даламызды ластап жатқан да өз азаматтарымыз. Көкжайлауға от жағып, қоқыс шашып кеткен де, Көбейтұздың батпағын шелектеп тасып, көлдің ортасында көлікпен ойқастаған да солар. Бір тұтам мүйізі үшін көзін мөлдіретіп киіктерді қырған да өзгелер емес. Қасиетті жеріміздің киесінен қорықпай, жат жұрттың да қолы бармас әрекеттерді жасап отырып, қалайша осы мекеннің иесіміз деп кеуде соға аламыз? Бұл – ащы да болса, шындық», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ деп кесіп айтты Президент. Егемендігіміздің мәңгілік үштағаны - үш құндылықты көздің қарашығындай сақтау керектігін мәлім етті. Ол - байтақ жеріміз, қастерлі тіліміз бен береке-бірлігіміз деп атап өтті. Дер  кезінде шекараны шегендеп, келіссөздерді табандылықпен жүргізіп, іргемізді дереу қымтап алғанымыз өте дұрыс болғанын уақыттың өзі дәлелдеп берді делінген мақалада. «Қазір кім не айтса да, біздің екіжақты келісімдермен бекітіліп, халықаралық деңгейде танылған шекарамыз бар. Енді оған ешкім дауласа алмайды» деп халықтың жүрегіне тыныштық пен қуаныш ұялатты Президент.

«Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ. Бүгінгі тарихымыз 1991 жылмен немесе 1936 жылмен өлшенбейді. Халқымыз Қазақ хандығы кезінде де, одан арғы Алтын Орда, Түрік қағанаты, Ғұн, Сақ дәуірінде де осы жерде өмір сүрген, өсіп-өнген. Қысқаша айтқанда, ұлттық тарихымыздың терең тамырлары көне заманның өзегінде жатыр. Жалпы, тарихпен саясаткерлер емес, тарихшылар айналысуы керек», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Әсіресе, Қазақстанның Егемендігі туралы айтқан сөзі ұнады, себебі жақында ғана менің кітабым шықты, «Тәуелсіздік қазаққа не берді?» деген. Менің ойымша, Қасым-Жомарт ағамыздың біз қандай жетістіктерге жеттік деген сөзі дәл осы менің сұрағыма үндесіп жатқан сияқты. Біз осыны ойлануымыз керек және соны ойлана отыра, 30 жылдықтан кейін қандай бағыта бет бұратынымызды анықтап алуымыз керек. Президенттің бүгінгі мақаласы осы бағыттың алғашқы қадамы болды. Енді осының мемлекеттік саясатқа айналуын күтемін», – деді саясаттанушы Дос Көшім.

Президент мақаласында шын отансүйгіштік жалаң ұранмен емес, халыққа қызмет көрсетумен өлшенетінін естен шығармауға шақырды. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев биліктегі азаматтар ең алдымен ұлттық мүддеге берік болуға тиіс деді. Шетелге кетіп жатқан жастарымыздың білімін жетілдіріп, бәрібір елге оралатынына, өзге елде жүріп-ақ Қазақстанның мүддесін қорғайтынына сенім білдірді.

«Ел Президентінің «Таным мен тағылым» жөніндегі ой-толғаулары біздің мемлекетіміздің интеллектуалдық мәдениетінің одан сайын нығаюуына жойқын қызмет ететіні анық. Тәуелсіздік алған жылдардағы жастар 30 жасқа толды. Біздің жастарымыздың ішінде отты, жігерлі, білімді, іскер, ұйымдастырушы жастар бар. Осылардың қатарын көбейту  аға ұрпақтың парызы. Мемлекеттің қамқорлығы керек. Жастардың келешегі қандай жарқын болса, мемлекеттің де келешегі жарқын», – деді филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов.

Алаш арыстарының асыл мұрасын игеруді жалғастыра беруді тарихшыларға міндеттеді. Тарихи зерттеулерді ұраншылдық пен даңғазасыз, таза ғылыми ұстаныммен жүргізген дұрыс деген ойын білдірді.

Президент мәйекті мақаласында қазақ тілінің тағдырына қатысты да дәйекті пікірін жазған. Ниеттің дұрыс болуы қазақ тілін меңгергісі келетін адамдарға да, осы мақсатқа жетуге жағдай жасайтын Үкіметке де байланысты екенін ашық айтты. Мемлекеттік тілді игеру үшін балалар әдебиетінің атқаратын рөлі зор екенін атап өтті. Сондықтан қазақ қаламгерлерінің үздік шығармаларына қоса, балаларға арналған шетел жазушыларының да таңдаулы туындыларын аударып, көптеп басып шығаруды және таратуды қолға алуды ұсынды.