Шағым айтып келген тұрғындардың көпшілігі жеке сектордағы үйлерлерде тұрады екен
Қаланың қақ ортасында отырып көгілдір отыннан таршылық көріп отырмыз. Осылай деп шағымданған тұрғындар редакциямызға хабарласты. Айтуларынша, коммуналдық қызметкерлер еш себепсіз үйлеріне келіп газды өшіріп кеткен көрінеді. Ал, жеке меншік компания тұрғындардың қыруар берешегі барын айтады. Мәселе неден туындаған? Қос тарапты тыңдап келген Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын тарқатады.
Осылай деп ашуға булыққан қала тұрғындары бірнеше күннен бері «АлматыГаз» компаниясының табалдырығын тоздырып әлек. Үйімізде көгілдір отын жоқ деп шырылдаған олар ешқандай қарызымыз жоқ деп отыр. Төлеген түбіртектерін коммуналдық қызметкерлерге дәлелдей алмай жүр.
«Түбіртекті көрсеттім, міне, мен төледім деп. Каспиден төлесеңіз, ол базаға түскен жоқ деп өшірді де, кетіп қалды», – деді қала тұрғыны Қуаныш Орынбасары.
Шағым айтып келген тұрғындардың көпшілігі жеке сектордағы үйлерлерде тұрады екен. Көгілдір отынға бірнеше коммуналдық қызметтің қосылып тұрғанын айтады. Газ өшсе, ауыз су мен тоқ көзі де жұмысын тоқтатады дейді. Ал, жауапты компания өкілі бастапқыда жауап беруден бас тартпақ болып еді, десе де тілшілердің кабинетіне келетінін күтпеді.
«Қарызы болды, сол себепті қиып кеттік. Қарызын төлесін, қайтып қосып береміз. Оларға алдын-ала ескерттік. Почтамен жібердік ескертуді», – деді «АлматыГаз» ЖШС компаниясы директорының орынбасары Күлпаш Шалабаева.
Кешеден бері орталыққа 100 ден астам отбасы газдың өшірілгенін айтып келген. Айтуынша, мұндай жағдай алғаш рет қайталанып отырған жоқ. Жыл сайын осындай жағдайға тап болатынын айтады.
Ұлағат Арғын, Арсен Сандыбаев «Алматы» телеарнасы