Облыстардың қайта құрылуы халықты рухтандырады – қоғам қайраткерлері

17.03.2022 в 01:23

Жолдауда белгіленген реформаларды жүзеге асыру үшін уақыт қажет екені де айтылды

Президенттің биылғы жолдауы ерекше болды. Бұрын жабылып қалған облыстарды қайта құру туралы шешімі халықтың көңілін көтеріп, рухтандырып жіберді. Осылай деген Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет Президент өз жолдауында бұрыннан халықтың көкейінде жүрген мәселелерге назар аударып, олқылықтардың алдын алуға тырысқанын атап өтті. Жолдауда белгіленген реформаларды жүзеге асыру үшін уақыт қажет екені де айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

    

Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру үшін Конституцияға 30-дан астам өзгеріс енгізілетінін атап өтті. Бұл батыл қадам екенін жеткізді. Соның ішінде тілге қатысты заң қабылданса екен деген тілегі бар.

«Сонымен қатар, Конституциялық сот құрылымы болады деген сөздің өзі, мына құқықтық жағынан біздің азаматтық қоғам құрылып жатқан кезде, құқықтық жағынан жетілудің бір сатысы деп айтар едім. Сондықтан біз Қазақстанды бір жаңа деңгейде көргіміз келсе, бұл – соған жасалып жатқан үлкен баспалдақ», - деді Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет.

«Сайлау жүйесінен өзін-өзі басқару институты түсіп қалды. Яғни, нағыз белсенді адамдар партияға баруы керек немесе сайлауға қатыспайды. Ал ондай азаматтар бізде өте көп. Президент нағыз халықтың арасында пісіп шыққан белсенді азаматтардың ашық сайлауда түсуі, сайлау жүйесінің ашықтығы туралы айтты. Олардың Парламентке келіп ел билігін жүргізуге мүмкіндіктері болатын болды», - деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ләззат Сүлеймен.  

Аймақтардың дербес болып дамуы пайдасын береді. Парламент Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым бүгінгі Президент жолдауында айтылған мәселелерге қатысты ойын білдірді. Мемлекет басшысы тарихи әділдікті орнатып, ұлыларымыз дүниеге келген киелі өлкені қайта жаңғырту керек деді. Ал сол арқылы туризм саласын дамытуға болатынын алға тартты депутат.

«Семейді алыңыз, Жезқазғанды алыңыз. Халқының жүні жығылып, еңсесі түсіп, экономикалық потенциалы төмендеп кеткенін жақсы білеміз. Енді кей азаматтар «Әкімдік құрылғаннан, облыс әкімі болғаннан не өзгереді» деп айтуы мүмкін. Меніңше, бұл да жаңсақ пікір. Қанша дегенмен, тиісті басшылықтың болуы, территорияда аймақтардың өзін-өзі экмоционалды тұрғыда болса да «Біз бөлек, дербес облыспыз, өз жоспарымыз бар, қаржыландыру тұрақты түрде жүзеге асырылуы тиіс» деуінің өзі аз шаруа емес», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым.

Ал саясаттанушы Қазбек Майгельдиновтың айтуынша, әкімдер мен олардың орынбасарларына партия филиалдарында қызмет атқаруға тыйым салуды заңнамалық тұрғыдан бекіту аса маңызды. Бұл партиялық жүйені қалыптастыру кезінде ашық бәсекелестік күреске кепілдік береді.

«Партиялық жарна мәселесі де көтерілді. Яғни, кез келген партияға шекті бір жарна болуы керек. Өйткені кейбір партияның қомақты қаржысы болады, ал кейбірінің қомақты қаржысы болмай қалады. Нәтижесінде сайлау алды науқанына қатысқан кезде олар бәсекеге қабілетті емес болып қалады. Міне осы мәселені де шешу үшін, президент жан-жақты көп партиялық жүйемен плюрализмнің дамуына мүмкіндік болу үшін осындай өзгерістер енгізуге алғышарттар жасап отыр», - деді саясаттанушы Қазбек Майгельдинов.

Расымен, бүгінгі Жолдаудың мән-маңызы айрықша болды. Ауқымы кең, мазмұны да бөлек, көптеген мақсаттар қойылды. Жолдауда елдегі өзекті мәселелердің барлығын дерлік қамтыды.

Қаламқас Нысанбай, Данияр Омар, Нұрлан Өтеген, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан