Ақтауда көпқабатты үйдің қабырғалары көгеріп, сыз басып жатыр. Баспананың ылғал болғаны сонша, пәтердің қақ ортасынан саңырауқұлақ өсе бастаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ақтаудың 33-шағынауданындағы көпқабатты үй әлеуметтік желіде бір күнде-ақ танымал боп шыға келді. Қыс бойы жылу қосылмай, сыз басқан пәтердің қабырғасы көгеріп кеткен.
– Қабырғасы опырылып түсіп жатыр. Саңырауқұлақ өсіп шықты. Өткен қыстан бастап жылу қосылмады. Электр пешін қосамыз, шығын көп, – деді қала тұрғыны Алмагүл Сақтағанова.
Аз қамтылған отбасыларға жалға берілген үйлердің сапасы сын көтермейді. Қар мен жаңбыр жауса, шатырларынан су сорғалайды. Жертөлесі үнемі суға толып, ылғалдан тіпті қабырғалардың сылағы түсе бастаған.
– Ішетін су тапшы, сатып аламыз. Ыстық судың иісі жаман. Сыз болып, кіреберістің асты суға толды. ЖЭК келеді, кетеді. Оған кім қарайды? Ыстық суға әйтеуір кір жууға болады, ыдыс жуамыз, – деді қала тұрғыны Қымбатгүл Тілекова.
Ашынған тұрғындар үйді апатты деп тануды талап етіп отыр. Өйткені салынғанына небәрі 5 жыл болған баспананың қазір сау-тамтығы қалмаған. Бұл үйде жалпы 196 пәтер бар. Оның 126-ы - әкімдіктің теңгерімінде. Сапасыз үйге қоныстанғандардың көбі Жаңаөзен қаласынан көшіп келген екен. Олар шаһардың әлеуметтік дамуына арналған бағдарлама негізінде үй кезегінде тұрғанын айтты.
– Қасбет, баспалдақ, төбесі, инженерлік желілер ортақ мүлікке жатады. «Қайтарымды қаражат» деген мемлекеттік бағдарлама қарастырылған. 0,1 пайызбен 7 жылға дейін несие ретінде беріледі. Мердігерді өздері таңдайды. Егер келіссе, ТҮКШ сметасын шығарады, тұрғындар жөндеу жасайды, – деді қалалық ТҮКШ бөлімінің маманы Бірайдар Боранғалиұлы.
Арендалық үйлер –конкоминимум нысаны болғандықтан, азаматтар жөндеуді өз қаржысына жүргізуі керек. Олардың пәтер үшін төлейтін ақысы тағы бар. Соның өзін өтей алмай отырған жұрт қарызымыз 400 мыңға жетті деп налиды. Алты ай ақша төлемесе, үйден айырылатынын ескерген тұрғындар сапасыз баспананың дауы қашан шешілерін білмей дал.
Жазира Қуанышбекқызы, Мұқағали Нұрдәулет, «Алматы» телеарнасы, Ақтау
ОҚи отырыңыз: Белгісіз дерт: Қарағанды облысында жылқылар жаппай қырылып жатыр