Атырауда газ бағасы екі есе қымбаттап кетті

Almaty.tv
Almaty.tv
Жергілікті билік бағаның өсуі газ тапшылығынан болып отырмағанын айтады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атырауда газ бағасы күрт өсті. Жыл басында 60 теңгеден саудаланған газдың литрі қазір 110-120 теңгеден сатылып жатыр. Ал мұндай баға мұнайлы өңірде бұрын-соңды болмаған. Бензиннің бағасы түспеген соң, көліктеріне газ құрылғысын орнатып алғандарға бағаның шарықтауы тағы тиімсіз болып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.    

Мұнайлы өлкеде тағы да газ бағасы өсті. Көгілдір отын қазір қалалық жерлерде 110 теңгеге, ал аудандарда тіпті 150 теңгеге дейін аспандап кеткен. Жауаптылардың сөзінше, бағаның өсуі газ тапшылығынан болып отырған жоқ. Демек, оның құнын қалыпқа келтіру кәсіпкердің құзырында көрінеді.

«Өз жерімізден шығып жатқан газ неге бізде қымбат? Неге бізге қымбатпен беріліп жатыр? Соңғы 1 айдың ішінде сонша қымбаттап кетті. Сол мәселе шешілсе екен», – дейді қала тұрғыны Серік Иманғалиев.

«Мысалы, Бейнеуде, Ақтауда 65-70 теңгеден құйып жатыр. Ол біздің Атыраудың газы деп естіп жатырмыз. Ал бізде 110 теңгеден сатылып жатыр», – дейді тағы бір тұрғын Серік Қапсалықов.

Қазір сұйылтылған газдың 70 пайызы электронды сауда алаңдарында сатылады. Келер жылы 100 пайызды құраса, бағаның тағы да шарықтауы ғажап емес. Бұл жайтқа қатысты жергілікті билік былайша жауап қатты.

«Газбен жүретін 14 мыңдай автокөлік бар. Бізде қанша қажеттілік бар екенін ай сайын белгілеп, көрсетіп отырамыз. Соған қарай министрлік газ көлемін бөліп береді. 1 наурыздан бастап реттелмейтін болды, кәсіпкер қаншаға сатып алды, соған байланысты сатады», – деді облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Ерлан Назаров.

Бұдан былай газ бағасы өспесе, түспейді деп отыр халық. Ал оның қымбаттауы бензин құнының көтерілуіне де әсер ете ме деп алаң болған көпшілік түйткіл тездетіп реттелсе екен дейді.

Райымбек Сафиолла, Айбек Байзақ, «Алматы» телеарнасы, Атыраудан

Новости партнеров