Ауылдан шыққан кәсіпкер әрекетінің заңсыз екенін біледі
Түркістан облысы Төлеби ауданында төрт түлік орға түсіп өліп жатыр. Бар малымыздан айрылдық деген тұрғындар мұның бәріне жергілікті кәсіпкерді кінәлайды. Олардың айтуынша, 30 гектар жерді иеленіп отырған адам учаскесін қорғау үшін айналаның бәрін қазып, ондағы жасыл желекті де отап тастаған. Соның кесірінен тұяқтылар орға түсіп қырылып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Төлеби ауданы Нысанбек ауылының тұрғындары жайылым жанында алғаш рет жиналып жатқан жоқ. «Алты айдан бері малымызды күзетіп шаршадық» деген тұрғындар тұяқтылардың орға түсіп, өліп жатқанын айтады. Себебі жергілікті кәсіпкер учаскесін қорғаймын деп айналасын қазып тастапты.
– 27 гектарды ешкімнің рұқсатынсыз ор қылып қазып тастаған. Көлемі 2 метр, 5 метр жерді қазып тастаған. Мал түсіп өліп жатыр, – деді Нысанбек ауылының тұрғыны Әбсейіт Жұмашев.
– Ауылдың әкімшілігіне, облыстық прокуратураға арыз жаздық. Ағаштарды қанша жылдық болғанын, айыппұлын есептейтін маман жоқ, – деді Нысанбек ауылының тұрғыны Ерғали Мұсаев.
Шырылдаған ел-жұрт қоршау кесірінен 250 түп қарағаштың қопарылып қалғанын айтады. Жасыл желекті енді қайтара алмаймыз деген көпшілік кәсіпкердің білгенін істеп жатқанын жеткізді.
– Заң бұзылғандықтан, сотқа шағымдандық. Сот процесі енді болады. Өзіміз барып, бұзып тастай алмаймыз. Соттың шешімімен қалпына келтірілуі керек, – деді Төлеби ауданы әкімдігі аппараты Заң бөлімінің бас инспекторы Қайсар Ақылбеков
Ауылдан шыққан кәсіпкер әрекетінің заңсыз екенін біледі. Алайда алған бетінен қайтар емес. Оның айтуынша, орды кадастр бөліміндегілер жерді заңдастырғанда қайта қалпына келтірмек.
– Жерді көміп тастаймын. Қоршауды да жасаймын. Бірақ кадастр бөлімі мен соттағы судья жерімді қайта бекітіп берсін, – деді кәсіпкер Абай Пірәлиев.
Қыңыр адамның қылығынан малымыз қынадай қырылды деген көпшілікке енді шыдаудан басқа амал жоқ. Сот шешімі мен кадастр жұмысы әлі аяқталмаған.
Назерке Үкібасова, Елдар Жүнісқанов, «Алматы» телеарнасы, Түркістан облысы
Оқи отырыңыз: Тұрғындар Алматы мен Кеген ауданы арасындағы жолды жөндеуді талап етіп отыр