Құс тұмауы: Еліміздің бірнеше облысында жағдай тұрақталды

ашық дереккөз
ашық дереккөз
Елдегі 2 фабриканы тексеру барысында біраз былықтың беті ашылған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды, Түркістан облыстарында және Шымкент қаласында құс тұмауынан құстың қырылу жағдайы тоқтады. Ол туралы еліміздің Ауыл шаруашылы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау департаментінің басшысының міндетін атқарушы Тұрсын Қабдолданов мәлімдеді. Оның сөзінше, тәулік бойынша көрсеткіштер құс өлімі қарқынының төмендегенін көрсеткен. Сонымен қатар, Солтүстік Қазақстан облысы, Павлодар және Қостанай облыстарында да бұл көрсеткіш азайған. Алайда сенторлар індеттің өршу себептерін жан-жақты тексеру керек деп отыр. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбектің материалында.  

Жақында Солтүстік Қазақстан облысының Якорь ауылындағы құс фабрикасында 520 мыңнан астам құс өлтірілген деген ақпарат тараған болатын. Ветеринарлық бақылау және қадағалау департаментінің басшысы міндетін атқарушы Тұрсын Қабдолдановтың айтуынша, тексеріс кезінде онда 256 мың құс ауаның жетпегенінен тұншығып өлгені анықталған. Жалпы елдегі 2 фабриканы тексеру барысында біраз былықтың беті ашылған. 

«Ондай 61 фабриканың ішінде қазіргі жағдай 2 фабрикада ғана тексеріліп отыр. Осы екеуін тексеруге барғанда ветеринарлық талаптардың орындалмағаны көрініп тұр. Анау азық-түлік дайындайтын бөлімшелерінің барлығының төбесі ашық. Оның ішінде жабайы құстар жүр. Оның бер жағында осы мекемеге ветеринарлық маманның қолында дипломы жоқ. Сонда құс өсіруші болып істеген маман ветеринар дәрігер есебінде, керек болатын болса құжаттар беріп отырған», – деді ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Тұрсын Қабдолданов. 

Сонымен қатар, бүгін сенатор Дүйсенғазы Мусин ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминге жолдаған депутаттық сауалында құс тұмауының өршу себептеріне тиісті ветеринарлық іс-шаралардың орындалуына жан-жақты тексеру жүргізу қажеттігін ұсынды. Депутат Ауыл шаруашылығы министрлігінің соңғы мәліметтерінде Қазақстанның 117 елді мекенінде аталған індеттен 580 мыңға жуық бас әртүрлі құстар қырылып қалғанын жеткізді. Бұл ретте мемлекеттік органдардың қамсыздығы мен құс өсірушілердің жауапсыздығы мәселені ушықтырып жібергенін сынға алды.

«Мұндай келеңсіз жағдайлар, еліміздегі құс шаруашылығы саласының дамуына кері әсерін тигізу қауіпінің өте жоғары екенін көрсетеді. Статистикалық деректердің жүйесіздігі, құс өсірушілердің жауапсыздығы, жауапты мемлекеттік органдардың қамсыз болуы, яғни дер кезінде індеттің алдын алу шараларын жүргізуге қатысты жұмыстары да біршама сұрақтарды тудырып отыр. Елімізде құс етінің 45 пайызы импортталатынын ескерсек, ендігі кезекте құс тұмауы салдарынан бұл көрсеткіштің өсуі және де  отандық өнімдер бағасының қымбаттауы да әбден мүмкін», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дүйсенғазы Мусин. 

Сонымен Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда қырылған 588 мың құстың 329 мыңы құс тұмауынан өлген. Бүгінде еліміздің 6 облысы 25 ауданындағы 48 елді мекенде карантин енгізілгенін атап өтейік. Бұл өңірлерде жоғары патогенді құс тұмауы расталған.

Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды, Түркістан облыстарында және Шымкент қаласында құс тұмауынан құстың қырылу жағдайы тоқтады. Ол туралы еліміздің Ауыл шаруашылы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау департаментінің басшысының міндетін атқарушы Тұрсын Қабдолданов мәлімдеді. Оның сөзінше, тәулік бойынша көрсеткіштер құс өлімі қарқынының төмендегенін көрсеткен. Сонымен қатар, Солтүстік Қазақстан облысы, Павлодар және Қостанай облыстарында да бұл көрсеткіш азайған. Алайда сенторлар індеттің өршу себептерін жан-жақты тексеру керек деп отыр. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбектің материалында.

Асылбек Тойбек

Новости партнеров