Алматыда жыл басынан бері туа бітті өңеш ақауы бар 15 сәби дүниеге келген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Десе де, ауыр патологияға қарамастан науқас балалардың аурудан құтылу мүмкіндігі бар. Дәрігерлер мұндай жетістікке инновациялық технологияларды пайдалана отырып диагностикалау мен емдеудің заманауи әдістерін енгізудің арқасында қол жеткізген.
1 жастан асқан Абдусамат Исламбаев өңештің сирек кездесетін патологиясына байланысты 6 рет ота жасаған. Ұлдарының құлан таза айығып кететініне сенімді ата-ана біздің арнаға хабарласып, көмек сұрайды. Яғни Абдусаматқа жасалатын соңғы операция үшін 3 миллион теңге қажет екен.
«Біз жасай алатын нәрсе – бұл бугинг және гастростоманы алып тастау. Бірақ қаражат жағынан қысылып тұрмыз. Баламызды емдету үшін осыған дейін үйімізді кепілдікке қойып, қарыз алдық. Әлі де қаражат жеткіліксіз боп тұр», – деді А. Исламбаевтың анасы Анна Прокофьева.
Анасы жүктіліктің соңғы кезеңінде ғана баласының диагнозын білген. Соған қарамастан туыстары балаға өмір сыйлау үшін және оның денсаулығы үшін күресуге шешім қабылдапты. Қазір Абдусамат тек сұйық тағамдар ғана іше алады. Ал дәрігерлер балалардағы мұндай туа бітті аурулардың пайда болу себептері әртүлі дейді.
«Өңештің қандай да бір сегментіне тыйым салынбайды. Оның алғашқы белгілері – ауыз қуысынан көбік шығып, бала тамақ іше алмай қалады және құсады», – деді Шұғыл хирургия бөлімінің меңгерушісі Мейіржан Құрманәлиев.
Ал неонатологтар болса жыл сайын Алматыда статистика бойынша аталмыш ауруға шалдыққан 15 сәби дүниеге келетінін айтады. Сырқат 3 мың баланың біреуінде ғана кездеседі екен.
Мерей Қанапиянов, Салтанат Нұрғалиева «Алматы» телеарнасы