2025 жылы жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін, жалпы ұзындығы 6,2 мың шақырым болатын 29 учаскеде ақылы жүйе енгізіледі
Биыл жалпы ұзындығы 6,2 мың шақырым болатын 29 автожол ақылы болады. Бұл туралы Сенатта Көлік министрі мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Марат Қарабаев трассалардан түсетін кіріс көлемі жылына 100 миллиард теңгеден асады деп есептеп отыр. Ел бойынша 3,2 мың шақырымдық 17 ақылы жол бар. Былтыр олардан бюджетке 48 миллиард теңге түскен.
«Жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін, жолдарды нормативтік күтіп ұстауды тұрақты қаржы көзімен қамтамасыз ету үшін ақылы жүйе кезең-кезеңімен енгізілуде. Болашақта барлық жолдарды күтіп ұстау, арнайы техника сатып алу және қарыз бойынша пайыздық мөлшерлемелерді жабу ақылы жүйе есебінен қаржыландырылатын болады», – деді ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев.
Сонымен қатар сенатор Нұрлан Бекенов Марат Қарабаевтан ақылы жолдардағы төлем жүйесін әуежай аумағымен, ақылы тұрақтармен біріктіруге бола ма деп сұрады. Министр еліміздегі әуежайлардың өз жүйесі барын айтты. Десе де, алдағы уақытта автожол, әуе, темір жолдың біртұтас жүйеге бірігуі мүмкін.
Оқи отырыңыз: Алматыда өткен демалыс күні жәрмеңкелерде 10 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері сатылды