Елорда тұрғындары үй-күйсіз жандардың мекеніне айналған автобус аялдамаларының жағдайына шағымдануда. Сөздерінше, іші мүлдем тазаланбайды. Қолқаны қабатын күлімсі иістен қақаған қыста қоғамдық көлікті сыртта күтуге мәжбүр. Паналауға жарамай қалған жабық аялдамалардың жай-күйін Almaty.tv тілшісі Қаламқас Нысанбай да көріп қайтты.
Нұр-Сұлтандағы жылы аялдамалардың кейбірінің сыйқы осындай. Олардың тазалығына деген тұрғындардың шағымы көбеймесе, азаймай тұр.
БЛИЦ:
1. Мына жаққа жақын бір-ақ Құдайбердіұлы аялдамасы бар. Соның үстінде дүкен бар, астының бәрі былық.
2. Бәрі бірдей емес кейбіреуі лас болып жатса, кейбіреуі таза болып тұрады. Іші жылы аялдамалардың кейбіреуі сасып жатады.
Қыруар қаржыға салынып, қоқысқа толған мұндай аялдамаға жолаушылардың көбі кірмейміз дейді. Себебі ондағы сасық иістен ішінде тұру мүмкін емес дейді.
«Аялдамада біраз автобус күтіп қалдым. Кіріп жылынайын десем, 5 бомж отыр екен. Ішінде кәдімгідей ішімдік ішіп отыр. Ішіне кіре алмайсың. Аялдама қасында 9-10 сынып оқитын оқушылар тұрды. Ішіне кіру мүмкін емес. Кірсең иісі шығады. Қоқыстар мен бөтелкелер жатыр», – деді қала тұрғыны Мақпал Бейсенбеева.
Қала ішіндегі тазалығы сын көтермейтін жабық аялдамалардың басым бөлігі Алматы ауданында болып шықты. Абаттандыру және қоғамдық кеңістікті дамыту бөлімінің басшысы Бахтияр Топаев жылы аялдамалардың түнгі уақытта жабылмайтынын айтты. Сәйкесінше, кешқұрым қараусыз қалатын орындарға маскүнемдер емін-еркін кіріп-шығып, ластап кетеді, дейді.
«Алматы ауданының аялдамалары біздің баланста қазір. Алматы ауданында бізде 235 аялдамасы бар. Оның ішінде жылы аялдамалар 24. Оларды аптасына 3 рет жуып, тазалайды. Күнде қарап жүреміз», – деді Алматы ауданы абаттандыру және қоғамдық кеңістікті дамыту бөлімінің басшысы Бахтияр Топаев.
Ал, әкімдіктегілер енді жылы аялдамаларға камералар қойып, қоқыс тастаған азаматтарды жазаға тарту арқылы тәртіп орнатпақ. Жалпы қазіргі уақытта елорда бойынша осындай 109 жылы аялдама бар.
Қаламқас Нысанбай «Алматы» телеарнасы