Бостандық ауданының 45 пайызы мүлік иелері бірлестігіне өтті

Almaty.tv
Almaty.tv
Жаңа басқару жүйесіне қаланың тең жартысы ауыстырылған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бостандық ауданының 45 пайызы пәтер иелері кооперативінен мүлік иелері бірлестігіне өткен. Алайда ауданның кей тұрғыны жаңадан енгізіліп жатқан өзін-өзі басқару жүйесіне көңілі толмайды. Өйткені пәтер иелері кооперативтері қазір өз міндетін ойдағыдай атқарып отыр дейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Әл-Фараби даңғылында орналасқан бұл үйлер сонау 1990 жылдары салынған. Содан бері әбден ескірген шатырдан соңғы жылдары су ағатын болыпты. Тіпті былтыр бірнеше үйді су басып кеткен.

«Былтыр күзде шатыр сынып, үйімізді су алып кетті. Өзіміз қалтамыздан ақша шығарып, қолымыздан келгенше төбені жөндеп шықтық», – деді Бостандық ауданының тұрғыны Әбдірахман Әбдірахимов.

Бұдан бөлек үйлердің кіреберісі де ескірген. Жертөлесі де жөндеуді қажет етеді дейді мұндағылар.

«Бұл жердегі мәселе подъезді тәртіпке келтіру қажет. Ағартып, сырлау керек. Жертөле де жөндеу жұмыстарын талап етіп тұр. Үйдің ішіндегі ыстық және суық суы бар құбырлар тесіліп, тот басып кетті», – деді Бостандық ауданының тұрғыны Тасыбек Молдағожин.

Су мен жарық та жиі өшеді екен. Мұның бәрі инженерлік желілердің тозып кетуінен болып отыр дейді тұрғын үйге жауапты кооператив басшысы. Мәселен былтыр осындағы 5 үйдің шатыры ауыстырылыпты. Тағы біреуін жаңарту керек. Тұрғындардың шағымын ескерген кооператив иесі биыл подъездерді жөндеу жопарда барын жеткізді.

«Әр үйде жиналған қаржы әртүрлі. Соған қарамастан біз биыл подъездерді жөндеуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ жарық мәселесін де биыл ретке келтіреміз», – деді ПИК төрағасы Ванда Казанцева.

Жұрт коммуналдық шаруалар жауапты кооператив басшысының арқасында уақытылы шешіліп келеді дейді. Сондықтан да мұндағы тұрғындар жаңа басқару жүйесіне өтуге құлықсыз.

«Тұрғындардың көбі пәтер иелері кооперативін мүлік иелері бірлестігіне көшіруді құптамайды. Неге десеңіз, қағазбастылық көбейгеннен басқа ештеңе өзгермейді. Оның үстіне үйдің коммуналдық шаруашылығымен білетін адамдар айналысуы керек емес пе? Бізге сауатты техникалық қызмет көрсететін мамандар қажет. Қарапайым халық оны қалай жүзге асырады?» – деді Бостандық ауданының тұрғыны Светлана Петрико.

Халықтың мұндай тілек-талабы да ескерілген дейді жауапты мамандар. ПИК-ті жаңа жүйеге ауыстырғысы келмейтін үйлер жұмысты сол қалпы жалғастыра береді. Тек мұны құжат жүзінде қайта құру керек екен.

«Тұрғындардың көңілінен шығатын пәтер иелері кооперативтері өздерін басқарушы компания ретінде қайта құрып, жұмысын жалғастыра алады. Яғни жеке кәсіпкер немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестік ашуы тиіс. Сол арқылы қызмет көрсететін ұйым ретінде халықпен жұмыс істей берсе болады», – деді Тұрғын үй саясаты басқармасы тұрғын үй инспекциясы және тұрғын үйді жаңғырту бөлімінің бас маманы Бекежан Алмырза

Бүгінде Бостандық ауданының 45 пайызы мүлік иелері бірлестігі жүйесіне өткен. Ал жаңа басқару жүйесіне қаланың тең жартысы ауыстырылған.

Назкен Еркін, Арсен Сандыбаев «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров