Прокурор 15 жыл сұрап отыр: ағайынды Әлекеевтер сотта кешірім сұрады

Прокурор 15 жыл сұрап отыр: ағайынды Әлекеевтер сотта кешірім сұрады
Былтыр 29 тамызда ағайынды жігіттер Алматыда автокөлікпен бірнеше адамды қағып кеткен болатын
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда ағайынды Әлекеевтердің сот ісі аяқталуға жақын қалды. Бүгін сот төрешісі оларға соңғы сөздерін айтуға мүмкіндік берді. Бас айыпталушылар жасаған істеріне өкінетіндерін айтып қөпшілік алдында кешірім сұрады. Туған ағайындыларға «кісі өлтіруге талпынды» деген айып тағылып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жандос есімді күдіктінің жасы 24-те болса, оның туған інісі Дінмұхамед небары 20 жаста. Былтыр Алматы орталығында орын алған жанжал кезінде інісі Дінмұхаммед жеңіл көлікпен 3 адамды қағып, оқиға орнынан бой тасалаған. Абырой болғанда, жәбірленушілердің барлығы дін аман. Алайда, ағайындыларға прокурор 15 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрап отыр.

«Ол жақта жарты жыл отырып, бәрін түсіндік. Дәл қазір бізді барлық қоғам талқылап, көпшіліктің бізге қарсы екенін түсінемін. Бірақ олар жағдайдың шын мәнінде қалай болғанын білмейді ғой», - деді айыпталушы Жандос ӘЛЕКЕЕВ.

«Біз ағам екеуміз ¬– отбасымыздың арқа сүйер азаматтарымыз. Анамның бізден басқа ешкімі жоқ. Әкемізден 6 жасымызда айрылдық. Екі әпкеміз бар. Оның біреуі сал ауруымен ауырады. Екіншісі –жалғызбасты ана. Анамыз 54 жаста, жүрегі ауырады. Сондықтан құрметті сот, әділ шешім шығаруыңызды өтінеміз», - деді айыпталушы Дінмұхаммед ӘЛЕКЕЕВ.

Еске сала кетейік, өткен жылдың 29 тамыз күні ағайынды Әлекеевтер Алматы қаласында адамдарды автокөлікпен қасақана қақты деген күдікке ілінген болатын. Сотқа дейінгі тергеу амалдарына қатысты олар уақытша қамауға алынды. Енді жарты жылдан асқан тергеу ісіне ертең нүкте қойылмақ. Айыпталушылардың кінәсі дәлелденсе екеуі де ұзақ мерзімге бас бостандықтарынан айрылуы мүмкін.

Новости партнеров