Алматыда 383 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды

Алматыда 383 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды
Ол жер түрлі саябақтар, балабақша, мектеп, оқушылар сарайы, емхана, метрополитен, автовокзал салуға бөлініп отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қала қарамағына қайтарылған жер телімдеріне заң жүзінде құжаттар өткен жылдың желтоқсан айында дайын болған. Енді Алматы әкімдігі балансына өткен жер телімдері қандай мақсатқа қолданылады? Онда қандай ғимараттар бой көтермек?  Almaty.tv тілшісі тақырыпты тарқатады.

Алматы – еліміздің ірі экономикалық орталығы. Алып шаһар туристер мен инвесторлар үшін тартымды қала. Дегенмен, мегаполисте қандай да бір әлеуметтік нысандар салу үшін бос жер телімдері жетіспейді. Енді биыл қала қарамағына екінші деңгейлі банктердің қолында болған 383 гектар жер қайтарылды. Оның 166-сы демалыс және саябақтар салуға беріледі. Ал 116 гектары Іле Алатауының баурайында орналасса, 87 гектар балабақша, мектеп, оқушылар сарайы, емхана, метрополитен, автовокзал салуға бөлініп отыр. Қалған 67 гектары әлеуметтік үй салуға, 38-і инфрақұрылымды дамытуға арналды.

«Алматы мегаполис болғандықтан, жыл сайын халықтың қажеттіліктері де артып жатыр. Бүгінде әлеуметтік нысандар салу үшін қалада бос жер телімдері қалмады. Сараптай келе, қалада игерілмей жатқан жер телімдерін анықтадық. Белгілі болғандай, көптеген жерлер екінші деңгейлі банктердің қолында екен. Яғни, мәселелі несиелер қорында. Күзден бері келіссөз жүргізіліп, нәтижесінде жұмысымыз жемісті болды. Қазір қалаға тау баурайының біраз бөлігі қосылды. Табиғатқа зиян келтірмей, ол жерде халық демалатын орындар жасаймыз», - деді қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан АХМЕДЖАНОВ.

Қала балансына өткен жерлердің қатарында әл Фараби мен Назарбаев даңғылы қиылысындағы біраз аумақ бар. Есте болса, Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев мәдени және креативті экономикаға ден қою керектігін айтқан еді. Ол үшін тың идеялар технопаркін құру көзделген. Ал қала қарамағына өткен бұл жерде қолөнер, дизайн, сән, балет сияқты салаларды дамытуға басымдық берілмек.

«Біздің алдын-ала жоспарымыз бойынша, Әл-Фараби даңғылы маңы орталық болғандықтан, онда креативті экономиканы дамытатын кешен жасаймыз. Сол маңда мәдениет және ғылымға көбірек көңіл бөлетін боламыз. Жастар ғылым айналысуға жағдай жасалады. Креативті экономиканы дамытуға атсалысамыз. Ал Алатау ауданы маңында автовокзал саламыз деген жоспарымыз бар. Кейін тағы да нақтылаймыз»,  - деді қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан АХМЕДЖАНОВ

Қайтарылған жер телімдері қаланың әр бөлігінде орналасқан. Әзірге нақты жоспар жасалмады. Мамандар ол үшін уақыт қажет деп отыр. Қазір қолдарында тек жердің заңды иесі атанған құжаттары бар. Алдағы уақытта жоба жасақталып, әлеуметтік нысандардың құрылысы басталып кетпек.

Жадыра Омаржан, Мұрат Тайжан, Рәшид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров