Төтенше жағдай кезеңінде 4 миллион 250 мың азаматқа қаржылай көмек көрсетілген

28.04.2020 в 01:27

570 мыңнан астам адамның үйіне керекті азық-түлік пен қорғаныс құралдары жеткізілді

Төтенше жағдай кезеңінде 4 миллион 250 мың азаматқа қаржылай көмек көрсетілген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ал 570 мыңнан астам адамның үйіне  керекті азық-түлік пен қорғаныс құралдары  жеткізілді. Бұл туралы бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жасаған мәлімдемесінде айтты. Мемлекет басшысының сөзінше, еліміз қазір күрделі кезеңді бастан кешіп отыр. Сондықтан ешкім де назардан тыс қалмайды. Ол үшін азаматтарға жан-жақты көмек пен қолдау көрсетіліп жатыр. Түрлі жеңілдіктер жасалып, әлеуметтік жәрдемақыларды тағайындау да жалғасын табуда. Ал карантинге байланысты уақытша табысынан айырылған азаматтар 42500 теңгені әрі қарай да ала береді.

Мемлекет азаматтардың өмірін сақтап, әлеуметтік жағдайының жақсы болуына бар күш-жігерді жұмсап жатыр. Бүгінде 4 млн. 250 мың адамға қаржылай көмек көрсетілген. Карантин кезінде жалпы 1,1 миллионнан астам адамға тегін азық-түлік беру жоспарланыпты. Қазір 570 мыңнан астам адамға ең керекті азық-түлік үлестіріліп қойған. Бұл ретте «Нұр Отан» партиясының атқарып жатқан жұмысын ерекше атап өткен жөн. Ал Елбасының бастамасымен құрылған «Біргеміз» қорынан халыққа қол ұшын созу үшін қомақты қаржы бөлініп жатыр.  

«Мемлекет тарапынан жағдайы төмен, көпбалалы отбасыларға, табысынан айырылған азаматтарға нақты көмек беріліп жатқанын байқауға болады. Әрбір азаматтың денсаулығы басты назарда екені айтылды. Қазір жұдырықтай жұмылатын кез. Карантин мерзімінің ұзартылуын ескеріп, бәріміз айтылған санитарлық шараларды ұстануымыз керек», – деді «Философия, саясаттану және дінтану институты» рмк директоры Ахан БИЖАНОВ.

Сонымен қатар, сәуір және мамыр айларында 1,6 млн.нан астам адам коммуналдық қызметтерді төлемеуге мүмкіндік алды. Тағы бір жарым миллионнан астам азамат, сондай-ақ және 11,5 мың шағын және орта бизнес өкілі несиелерін кейін төлей алады. 700 мыңнан астам компания мен кәсіпкерлерге жеңілдік жасалған. Бұл арқылы бизнес өкілдері 1 триллион теңгеге жуық ақша үнемдейді. Қазір егін егу науқаны басталғандықтан, ауыл шаруашылығына да ерекше назар бөлініп отыр. Дихандардың жүгін жеңілдету үшін 200 млрд.теңге қаржы бөлінген. Оның 70 милларды керекті тыңайтқыштар алуға жұмсалмақ. Жалпы азаматтар мен бизнесті қолдауға 6 триллион теңгеге жуық ақша бөлініпті.

«Шағын және кіші бизнесті ары қарай қолдау мәселесі де күнтәртібінен түскен емес. Бұл тұрғыдада Президенттің тапсырмасына сәйкес Үкіметіміз арнайы жұмыстар жасап жатыр. Әрине, қазір көктем уақыты.  Ауыл шаруашылығы жұмыстары басталуы керек. Осыған байланысты мемлекет тарапынан субсидиялар беріліп, тоқтаусыз жұмыстар жүрмек. Мұның бәрі азық-түлік қауіпсіздігін болашақта қамтамасыз етуге болашақта мүмкіндік ашады ғой деп ойлаймын», – деді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ.

Табысынан айырылған азаматтар үшін де оңтайлы шешім қабылданған. Бүгінде 42500 теңгені тағайындау жұмыстары жалғасып жатыр. Ел бойынша бұл жәрдемақыны алуға 8 млн-нан аса адам арыз түсірген. Оның 4 миллионынан астамы 42500 теңгеге қол жеткізді. Ал Алматы қаласы бойынша 400 мыңнан астам адамға тағайындалған. Және де қамқорлықтың бұл бағыты  әлі жалғасатын болады. Оның үстіне карантиннің алғашқы айында 42500 теңге алған азаматтар қайта өтінім бермейді, яғни келесі айға берілетін төлемдер бұрын ұсынылған құжат бойынша жүзеге асады.

«Бүгінгі күнде 412 мың 154 адамға 17,5 млрд. теңге  төленді. Әлеуметтік төлемді алуға 896 мың 624 адам өзінің өтінішін білдірген. Оның 412 мың 154 адамына ғана бүгінгі күнде төленді. Кері қайтарылғаны, әлі де  қаралып жатқандары бар», – деді қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы Рахат ШИМАШЕВА.

Жоғарыда айтылған қолдаулар елге көрсетіліп жатқан көмектің бір бөлігі ғана. Жалпы Үкімет тарапынан мұндай шаралар бұқараның әлеуметтік және экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында жасалып отыр.

Назкен Еркін, «Алматы» арнасы