Аружан Саин: Балаларға қарсы қылмыс жасағандар жауапқа тартылуы үшін бар күшімізді саламыз

Аружан Саин: Балаларға қарсы қылмыс жасағандар  жауапқа тартылуы үшін бар күшімізді саламыз
Былтыр бала зорлаудың 377 фактісі тіркелсе, биыл 6 айда бұл көрсеткіш 205-ке жетіп отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Балаларға қарсы осындай қылмыс жасағандардың бәрі жауапқа тартылуы үшін бар күшімізді саламыз». Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин Сәтбаевтағы оқиғаға байланысты  осылай деді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл бейнекадрлардан Сәтбаев қаласының жүзден астам тұрғыны 5 жасар қызды зорлады деген күдіктіні жазалау үшін бас көтергені көрініп тұр. Ашуға булыққандар күдіктінің үйін қоршап алған. Әлеуметтік желілердегі видеолардан сәтбаевтықтардың әр пәтердің есігін қағып, тіпті күдіктінің үйіне терезеден кірмекші болғанын көруге болады.

«23 шілде күні кешкі  21:00-де Сәтбаев қаласында Ішкі істер басқармасына 5 жасар қыздың жоғалғаны туралы арыз түсті. Дереу іздестіру нәтижесінде бүлдіршін қаладағы бір үйден табылды. Жас қызды зорлады деген күдікпен бір азамат қамауға алынды. Бірақ бірнеше адам күдіктіні өз қолдарына беруді талап етіп, жанжал шығарды», – деді ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.

Ішкі істер министрі бұзақылық жасап, полицейлерге қарсылық танытқан әр азамат жауапқа тартылатынын жеткізді. Ал ұсталған күдіктіге қатысты екі бап бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтады. Заңгер Мақсат Тоқмағамбетов болса, адам ұрлау мен баланы зорлау сияқты екі бапты қосқанның өзінде, көп дегенде берілетін 32 жыл аз, заңнаманы қатаңдатып, бала зорлайтындарды өмір бойына темір торға тоғыту қажет дейді.

«Балаға қатысты жағдай болғандықтан, заңнаманы өзгертуіміз тиіс. Кез келген балаға зорлық-зомбылық жасаса, өмір бойына бас бостандығынан айырылуы жөн деп санаймын. Себебі біз де ата-анамыз. Балаларымыз жақсы, тыныш, алаңдамай жүрсе деп қалаймыз», – деді Заңгер Мақсат Тоқмағамбетов.

Сәтбаевтағы оқиғаға бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин араласып, жағдайды жіті назарда ұстап отыр. Ол зардап шеккен отбасымен, сондай-ақ, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевпен және Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал Нүкеновпен сөйлескенін айтты. Қыздың ата-анасын,  іспен айналысатын ювеналды адвокатпен байланыстыруды өтінген. Сондай-ақ, баламен де, ата-анамен де жұмыс істейтін мықты психолог маман да тағайындау қажеттігін алға тартады.

«Мен Сәтбаевтағы оқиға бойынша баланың анасымен телефон арқылы сөйлесіп отырмын. Сот-медициналық сараптама жүргізілді. Біз әрі қарай жүргізілетін жұмыстар, заңгерлік, психологиялық көмек көрсету туралы әңгімелестік. Бала құқығы жөніндегі уәкіл ретінде мен бұл істі барлық бағыт бойынша жүргіземін. Балаларға қарсы осындай қылмыс жасайтын әр адамның жазалануына барынша күш саламыз», – деді ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Аружан Саин.

Мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та назар аударды. Ол осы жағдайға байланысты кеңес өткізді. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің Facebook парақшасында жазған. Кеңесте Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарына кәмелет жасына толмаған қызды зорламақ болды деген күдікпен ұсталған Сәтбаев қаласының тұрғынына қатысты тергеу жұмыстарын жан-жақты жүргізіп, оның қорытындысы туралы жұртшылыққа нақты ақпарат беру туралы тапсырма берді. 

Айта кетейік, былтыр бала зорлаудың 377 фактісі тіркелсе, биыл алты айда бұл көрсеткіш 205-ке жетіп отыр. Ал балаларды азғындық жолға түсіру бабы бойынша өткен жылы 113 жағдай орын алса, биылғы жылдың 6 айында 88-ді құрады.  

Сәтбаевтықтардың айтуынша, дәп осындай жаға ұстатарлық оқиға осыдан 3 жыл бұрын орын алған. Онда да 50 жастағы педофил 5 жасар қызды алдап, пәтеріне кіргізіп алып, зорлаған. Жантүршігерлік оқиғаның қайталанғанын айтып дабыл қаққан қоғам педофилдерге қатысты жазаның қатаңдатылуын талап етуде.  

Салтанат Нысанбек, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров