Жер дүмпуінің болатынын алдымен жануарлар сезеді - ғалымдар ой бөлісті

01.02.2024 02:42

Алматы қаласында биологиялық стационар бар

Almaty.tv

«Жер дүмпуінің болатынын алдымен жануарлар сезеді. Әлемдік тәжірибе осыны көрсетіп отыр» дейді ғалымдар. Жануарлар табиғи апаттың жақындағанын түрлі әрекет көрсету арқылы білдіреді. Алматы облысында осындай 5 биологиялық стационар бар. Оның біреуі Алматыда орналасқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Жер сілкінісінің алдын-ала болатынын алдымен құстар сезеді» дейді мамандар. Оның ішінде тотықұстар бар екен. Яғни, қандай да бір төтенше жағдай болар алдында олар жан-жаққа ұшып, шуылдап, тыным таппай кететін көрінеді. Тіпті Түркияда болған алапат зілзаладан соң үйіне тотықұс алып, асыраушылар қатары күрт артқан.  

Тотықұстың адам сөзін қаз қалпында қайталай алатын ерекше қасиетке ие екені белгілі. Ал оның төтенше жағдай немесе қандай да бір табиғи апатты алдын ала болжап білетінін бірі білсе, енді бірі біле бермейді. Мәселен биологиялық стационардағы бұл тотықұстар Алматыда жер сілкінісі болған түні шуылдап, бір орында тұрмай, мұндағы қызметкерді ұйқысынан оятқан. Орталықта бұдан бөлек, жыландар мен кесірткелер, балықтар мен қояндар да бар.  

– Жануарларда алысты көру, иісті қашықтан сезу секілді қасиеттер ерекше дамыған. Өзін-өзі қорғау сезімі де жоғары болады. Осы арқылы олар алда не болатынын, қандай да бір апаттың жақындап қалғанын сезе алады. Кей тұрғындар жақында болған жер сілкінісі кезінде үйдегі ит, мысықтардың әдеттегіден бөлек әрекет көрсетпегенін айтты. Бұл жануарлардың сезімталдығы мен тұқымына, мінез-құлқына да тікелей байланысты болады, – деді Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеу ғылыми орталығының меңгерушісі Наталья Суровцева.

Ал Алматыдағы хайуанаттар бағының қызметкерлері сол түні болған жер сілкінісін жануарлардың сезгенін айтты. Дүмпу кезінде құстар қанатын жайып, мүйізтұмсықтылар үйшігінен шығып, суға қарай беттеген. Ал керіктер мен зебралар бір орында тұра алмай тыпыршып кеткен. Олардың бұл әрекеті бейнебақылау камераларына түсіп қалған.

– 23 қаңтарда кезекші болдым. Бізде түнде екі сағат сайын тексеру болады. Түнгі сағат 24:00-де шықтым. Бүркіт,тырна, бәрі тыпырлап кетті. Бүркіттер қанатын дуалға ұрды, қасқырлардың дауысы шықты. Артынша жер сілкінісі басталды, – деді Алматы хайуанаттар бағының күзетшісі Рүстембек Барболов.

– Бастапқыда ешқандай әрекет жасаған жоқпыз. Сырттай бақыладық. Таңертең тексеру кезінде Паша мен Лола атты екі шимпанзе құшақтасып, қорқып отырғанын көрдік, – деді Алматы хайуанаттар бағының ветеринар дәрігері Гүлдана Баубекқызы.

Жер сілкінісі – геологиялық құбылыс. Табиғи апаттың бұл түрін алдын ала болжайтын нақты әдіс жоқ. 1973 жылы Қытайдың Хайчэнь аймағында ірі зілзала болды. Апат болмай тұрып тышқан мен жыландар інінен шығып, алысқа кете бастаған. Мұны байқаған тұрғындар бір жамандықтың болатынын сезген. Жергілікті билік көп ойланбастан тұрғындарды басқа жерге көшіре бастапты. Келесі күні қатты жер сілкінісі болып, адам шығыны мен зардап көлемі айтарлықтай аз тіркелген.

Ұлағат Арғын, Хангелді Ахметханов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: СҚО-да Сібір еліктері неге көбейіп кетті