|
27.08.2024 | 20:29
95

Талдықорғандықтар үй іргесіндегі құрылысты тоқтатуды талап етіп отыр

Тұрғындардың айтуынша, нысан салынса үйге кіріп-шығар жол жабылады

Талдықорғандықтар үй іргесіндегі құрылысты тоқтатуды талап етіп отыр Almaty.tv

Талдықорған қаласындағы Бірлік шағынауданының тұрғындары үйдің іргесінде салынып жатқан құрылыс нысанын тоқтатуды талап етіп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Балапанов көшесіндегі 46-үйдің маңында жер қазу жұмысы басталғалы тұрғындардан маза қашқан. Олар құрылысты тоқтатуды талап етті. Тұрғындардың айтуынша, нысан салынса үйге кіріп-шығар жол жабылады.

– Жол жоқ. 2,5 метр жерден жедел жәрдем келсе, үйге жете алмайды. Құрылыс салынса, ары-бері өтетін жер қалмайды, тоқтатсын, – деді қала тұрғыны Гүлнар Басанова.

– Сұмдық... Ертең өліп қалсам, халық жиналады, табыт қай жерде қойылады? Бәрі  жекеменшік, жер жоқ, – деді қала тұрғыны Сайлаубай Мейіров.

67 пәтерлі баспана осыдан 5 жыл бұрын салынған. Ал тұрғын үй дүкен, дәмхана сынды бірнеше коммерциялық нысанның ортасында қалған. Мамандардың айтуынша, сәулет-құрылыс талаптары сақталмаған. Ал үй мен нысан арасында қалуы тиіс 3 метр арақашықтық жоқ көрінеді.

– Жанайқаймызды неге ешкім тыңдамайды? Бармаған жеріміз жоқ. Тұрғын үйде мүгедектер, зағиптар тұрады. Қайда барып  шағымдануымыз керек? – деді қала тұрғыны Марал Тоқсанбаева.

Ал жеке кәсіпкер құрылыс жүргізуге рұқсат алға тартып, жұмысты тоқтатпайтынын жеткізді. Ол жоспар бойынша аумаққа 5 қабатты үй салып, 1-2-қабатынан медициналық орталық ашпақ. Ал қала әкімінің орынбасары мәселені шешуге тырысып жатқанын айтты.  

– Тұрғын үй құрылысын жоспарлағанда қателік кеткен. Азаматтардың көтерген  мәселесіне қатысты,  құрылыс объектісін жүргізіп жатқан  тұлғамен сөйлесеміз. Тұрғындар құрылысты тоқтатуды талап етіп отыр, бірақ мәселені жеке талдауымыз керек, – деді Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Жеңіс Андабеков.

Тұрғындар шенеуніктердің мұндай уәдесін  бірнеше мәрте естіген. Олар сотқа жүгінуге бел буып отыр.

Меруерт Сабыртай, Мирас Анитов, «Алматы» телеарнасы, Жетісу облысы

Оқи отырыңыз: Транскаспий көлік дәлізі: жүк тасымалы 10 миллион тоннаға дейін артады


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир