Тұрғындардың айтуынша, нысан салынса үйге кіріп-шығар жол жабылады
Талдықорған қаласындағы Бірлік шағынауданының тұрғындары үйдің іргесінде салынып жатқан құрылыс нысанын тоқтатуды талап етіп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Балапанов көшесіндегі 46-үйдің маңында жер қазу жұмысы басталғалы тұрғындардан маза қашқан. Олар құрылысты тоқтатуды талап етті. Тұрғындардың айтуынша, нысан салынса үйге кіріп-шығар жол жабылады.
– Жол жоқ. 2,5 метр жерден жедел жәрдем келсе, үйге жете алмайды. Құрылыс салынса, ары-бері өтетін жер қалмайды, тоқтатсын, – деді қала тұрғыны Гүлнар Басанова.
– Сұмдық... Ертең өліп қалсам, халық жиналады, табыт қай жерде қойылады? Бәрі жекеменшік, жер жоқ, – деді қала тұрғыны Сайлаубай Мейіров.
67 пәтерлі баспана осыдан 5 жыл бұрын салынған. Ал тұрғын үй дүкен, дәмхана сынды бірнеше коммерциялық нысанның ортасында қалған. Мамандардың айтуынша, сәулет-құрылыс талаптары сақталмаған. Ал үй мен нысан арасында қалуы тиіс 3 метр арақашықтық жоқ көрінеді.
– Жанайқаймызды неге ешкім тыңдамайды? Бармаған жеріміз жоқ. Тұрғын үйде мүгедектер, зағиптар тұрады. Қайда барып шағымдануымыз керек? – деді қала тұрғыны Марал Тоқсанбаева.
Ал жеке кәсіпкер құрылыс жүргізуге рұқсат алға тартып, жұмысты тоқтатпайтынын жеткізді. Ол жоспар бойынша аумаққа 5 қабатты үй салып, 1-2-қабатынан медициналық орталық ашпақ. Ал қала әкімінің орынбасары мәселені шешуге тырысып жатқанын айтты.
– Тұрғын үй құрылысын жоспарлағанда қателік кеткен. Азаматтардың көтерген мәселесіне қатысты, құрылыс объектісін жүргізіп жатқан тұлғамен сөйлесеміз. Тұрғындар құрылысты тоқтатуды талап етіп отыр, бірақ мәселені жеке талдауымыз керек, – деді Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Жеңіс Андабеков.
Тұрғындар шенеуніктердің мұндай уәдесін бірнеше мәрте естіген. Олар сотқа жүгінуге бел буып отыр.
Меруерт Сабыртай, Мирас Анитов, «Алматы» телеарнасы, Жетісу облысы
Оқи отырыңыз: Транскаспий көлік дәлізі: жүк тасымалы 10 миллион тоннаға дейін артады