Тұрғындар түссіз газдан тұншығып, үйлерінен шыға алмай отыр
Петропавл қаласында күкіртті сутек тиісті мөлшерінен асты. Тұрғындар түссіз газдан тұншығып, үйлерінен шыға алмай отыр. Кейбіреуінің тіпті денсаулығы нашарлаған. Оның үстіне жағымсыз иіс қолқаны алады. Улы газдың атмосфераға таралу себебін Almaty.tv тілшісі Диана Есім біліп қайтты.
Газ иісі «Жас өркен» және 20-ықшам аудандарда тарай бастап, бүгінде бүкіл қалаға жайылып кеткен. Қазіргі уақытта тұрғындар үйлерінде есік-терезесін аша алмай отырғанын айтады. Жағымсыз иістің салдарынан кейбіреуінің денсаулығы сыр бере бастаған.
«Жағымсыз иістің жайылғанына бір апта болды. Үйде отыру мүмкін емес. Бүкіл жерде сезіледі. Бірден бас айналып, тұншыға бастаймын, дем алу қиындады», – деді қала тұрғыны Людмилла Бурыкина.
«Кеше түнгі сағат 00.00-ге қарай жағымсыз иісті сездім. Біз бірінші қабатта тұрамыз, күн ыстық болғандықтан терезелерді ашып жатамыз. Дем алу қиындап, көз іле алмадық. Кейін ұйықтаған соң тыныс ала алмай, әрең жаттым», – деді қала тұрғыны Азалия Тарасенко.
Мамандар күкіртті сутектің мөлшерінен асқанын растады. Алайда өткен жылы арнайы құрылғы істен шыққандықтан, нақты көрсеткіштерін анықтай алмапты. Қазіргі уақытта облыста күкіртті сутектің мөлшерін анықтайтын 4 бекет бар.
«Қазгидромет» РМК облыстық филиалы ауаның ластануын 2 экологиялық станцияда бақылап отырады. Ауаның жоғары ластануы 10 ПДК-ны құрайды. Ал ауаның жоғары ластануы 50. 17 мамырда сағат 20.00-де күкіртті сутектің нормадан көп бөлінуі байқалды. Адам ағзасы күкіртті сутектің көлемі 3-4 ПДК-ға жеткен кезде сезе бастайды», – деді CҚО «Қазгидромет» РМК филиалының зертхана басшысы Оксана Гордиенко.
Мамандар күкіртті сутектің мөлшерінен асуы кәріз су ағатын орында жыл сайын жиналған қалдықтар себеп болғанын айтады.
«Мәселені шешу үшін тазарту құрылыстарында жөндеу жұмыстарын аяқтау қажет. Кейін қойманы тазарту керек. Қайта құру жұмыстары туралы айтатын болсақ, қазіргі уақытта жөндеу жұмыстарының 4-кезеңі жүріп жатыр, жоба түзетіліп жатыр», – деді «Қызылжар Су» ЖШС өкілі Ербол Нәбиев.
Күкіртсутек-сутек пен күкірттің қосылысы шіріген жұмыртқаның иісіне ұқсас келетін түссіз, улы газ. Санитарлық-эпидемиологиялық департамент мамандары күкіртті сутекпен уланған кезде адамның көзі, тері жабындары, қан түзілім жүйесі, асқазан-ішек жолы, жоғары тыныс алу жолдары зақымданатынын айтады.
Диана Есім