Бүгін Батыс Қазақстан облысындағы «Кублей» зауыты мен Орал қалалық әкімдігі арасындағы сот процесіне нүкте қойылды. Үкімді экономикалық сот судьясы Бахтиер Журабаев оқыды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Консерві зауыты мен құрылыс компаниясының арасындағы дауға екі жылға жуық уақыт болды. Бүгін соттың соңғы шешімі мердігер мекемесінің пайдасына шешілді. Осы уақыт ішінде сот материалдары 13 томға жеткен. Солардың 9 томы «Кублей» зауытынан түскен дәлелдемелік құжат екен. Экономикалық соттың өзара ымыраға келу туралы шешімімен келіспеген консерв зауытының өкілдері Үкіметке хат жолдапты. Біразға созылған дауға «Ирменов» жеке кәсіпкерлігі салған көп қабатты үйлердің құрылысы себеп болды. Консерв зауыты өкілдерінің айтуынша, үйлер өндіріс орнына тым жақын салынған. Судья Жорабаев атап өткендей Кублей жұмысын тоқтатпайды, олардың жұмысына ешқандай кедергі жоқ. Сот үкімі әлі күшіне енген жоқ.
«Осы кезге дейінгі сот шешімі күшін жойсын. Тұрғындар өз үйінде қалады. Олардың арасында денсаулығында кінәраты барлар, осы уақытқа дейінгі аралықта пәтер алған отбасы да болған. Сонымен қатар «Кублей» зауытының жұмысы тоқтап қалады деуге еш негіз жоқ. Өндіріс ошағы бұрынғыша жұмысын жалғастырады», – деді БҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Бахтиер Журабаев.