СҚО-да ірі қара малдан бруцеллез ауруы анықталды

16.08.2023 01:30

Биыл 170 ірі қара қауіпті дертке шалдыққан

Almaty.tv

Солтүстік Қазақстанда ірі қара малдан бруцеллез ауруы анықталды. Аққайың ауданы Ленинское ауылында 60-тан астам үй жануары қауіпті дертке шалдыққан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ленинское ауылының тұрғыны Гүлбахша Сыздықованың соңғы 2 сиыры да бруцеллезге шалдыққан. Төрт түлігінен айырылып, қазір қорасы бос тұр. Мал бағып, күнін көріп отырған тұрғын «енді қалай тіршілік етеміз» деп қиналып отыр.

– Екі сиырым бар еді, екеуін де әкетті. Қайда барып, қалай күн көрерімді білмеймін. Жұмыс жоқ, зейнетақыға қарап отырмыз. Сиырға берген өтемақыға бұзау да сатып ала алмайсың, – дейді Ленинское ауылының тұрғыны Гүлбақша Сыздықова.

Ал жалғыз бас сиырынан айырылған Ерсайын Оразалин ауру малын тапсыруға қарсы екенін айтады. Ол төрт түліктен тек бір рет қана сынама алынып, бірден жүк көлігіне артылғанын айтып шағымданды. Оның айтуынша, тапсырып жатқан малдың жарты бағасы да шықпай тұр.

– Мал ұстау оңай емес, шөбін шауып, суын беру керек. Қаншама еңбек, оны бәрі түсінеді. Малды сойса ет болады, сатса ақша болады. Ал малды алып кетсе, жұмыс болмаса, қалай өмір сүрмекпіз? – дейді Ленинское ауылының тұрғыны Ерсайын Оразалин.

Ветеринария мамандары жоспарлы тексеру кезінде Аққайың ауданы Ленинское ауылынан 64 малдың бруцеллезге шалдыққанын анықтаған. Елдімекенде шектеу шаралары енгізілді. Сынамалар алынып, қалған мал басы тексеріліп жатыр. Облыстық ветеринария басқармасы барлық үй жануарының иесіне заң жүзінде өтемақы төленді деп сендірді.

– 41 малдың иесіне өтемақы 5,6 млн теңге төленді. Оның 30 пайызды облыс бюджетінен төлесе, қалған 70 пайызды сою алаңындағы кәсіпкерлер төлейді. Санитарлық нормаларға сәйкес, ең алдымен, бруцеллез анықталған мал сою алаңына жіберіледі. Қалған мал тексеріліп жатыр. Егер бір ауылда малдан бірнеше рет екі сынамадан алынса, шектеу шаралары одан да күшейтіледі. Демек, малдың өнімін өзге жерге шығаруға болмайды, саудалауға тыйым салынады, – деді  Ветеринария басқармасының баспасөз қызметкері Аманжол Нұртазин.

СҚО-ның 5 ауданында биыл 170 ірі қарадан бруцеллез анықталыпты. Ал өткен жылы 722 мал қауіпті дертке шалдыққан.

Нұргүл Алина, Қазбек Арықпаев, «Алматы» телеарнасы, СҚО-дан

Оқи отырыңыз: Жылыойлық шаруалар су ұңғымаларының жабылуына наразы