|
04.03.2024 | 19:31
537

Жем-шөп жоқ: Ұлытау облысында 67 бас малдың өлексесі табылды

Әкімдік өлген мал санын есептеп, тіркеуге алып жатыр

Жем-шөп жоқ: Ұлытау облысында 67 бас малдың өлексесі табылды Almaty.tv

Ұлытау облысының шаруалары Қамбар ата төлінің тебіндей алмай, қырылып жатқанын айтып шырыл қағады. Ресми дерекке сүйенсек, өңірде 67 бас малдың өлексесі табылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қыс қылышын сүйретіп келіп, кейіннен күн жылыды, іле-шала жаңбыр жауып, жайылым жаппай мұз құрсанды. Ұлытаудағы мұндай күннің райы қылқұйрықты атаулының көтерем болуына әкеп тіреді. Шөпке жарымай, арам қатқан 23 жылқы Жаңаарқа ауданы мен Қаражал қаласының арасындағы жол бойынан табылған. Қымызымен аты шыққан ауданда қырылған мал бұл ғана емес. Көп ұзамай, төңіректен тағы 44 бас малдың өлексесі табылды. Ал «Қайтсем, көктемге аман жетемін?» деп амал іздеп отырған шаруалар жығылғанға жұдырық қылғандай, жем-шөптің қымбаттағанын айтып налиды.  

– Шөпті негізі Қызылордадан, әр жерден әкеліп жатыр. Жоңышқа, күріштің сабағының тоннасы 90-100 мың теңгеден саудалып жатыр. Біз 20 мың теңгеден алатынбыз, – деді шаруа Сәкен Хасенов.

Өкініштісі, қырылған малдың бәрі чиптелмеген. Демек, еш жерде тіркелмеген тағы қанша бас жылқының қайда жатқаны белгісіз. Сәйкесінше, өңірдегі жағдайды дөп басып айту да мүмкін болмай тұр. Ал атқамінерлер жағдай жем-шөптің жетіспеуінен емес, шаруалардың уақытылы қамданбауынан қиындады дейді.

– Мәселе жем-шөптің жетіспеушілігінде емес. Себебі жаз-күз айларында оперативті штаб болды. Сол жерде жергілікті атқарушы органдарға жем-шөп базасын калыптастыру бойынша тапсырма берілген. Жем-шөп базасын қалыптастыру үшін республика бойынша 22 млрд теңге субсидия бөлінді. Соның ішінде Ұлытау облысына 1,4 млрд теңге қарасырылған, – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Мал шаруашылығы департаменті директорының міндетін атқарушы Бағлан Аймырзаев.

Қазір әкімдік өлген мал санын есептеп, тіркеуге алып жатыр. Бұған дейін де айтқанымыздай, қырылған жылқы еш жерде тіркелмеген. Омбы қар астында қатып қалған малдың иелері де табыла қоймады.

– Бүгінде ауыл-аймақтарда орналасқан ветеринарлық пункттерге ресми түрде «малым өлді» деп жүгінген ешкім жоқ. Халық арасында мал қырылып жатыр деген әңгіме бар. Фермерлерге көмек беру, жолда өлген өлекселерді жинау үшін «ҚазАвтоЖолмен» бірлесіп, тиісті жұмыстар жүргіздік, – деді облыстық Ветеринария басқармасының басшысы Әбусағит Әбдікер.

Жағдайды бақылауға алдық деген жауапты министрлік «бар амалды жергілікті әкімдік атқарады» дейді. Ведомство облыс басшылығына бағдар көрсетіп, тапсырма берген. Ал ұлытаулық атқамінерлердің малды қалай сақтайтыны әзірге белгісіз.

Алтынгүл Төлегенова, Наргиз Жанабекова, «Алматы» телеарнасы, Ұлытау облысынан

Оқи отырыңыз: Қаңғыбас иттер мүгедектігі бар қызды талап тастады

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир