Алматы аумағында қуатты жер сілкінісі бола ма - мамандар болжамы

elements.envato.com
elements.envato.com
Сағат 11:22-де болған сілкініс ошағы қаладан оңтүстік бағыттағы 31 шақырым жерде тіркелді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы аумағында жақын уақытта қуатты жер сілкінісі күтілмейді. Бұл – Cейсмикалық бақылау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығының болжамы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Аптаның алғашқы күні деп бірі жұмыста, бірі сабақта, енді бірі үйде бейқам отырғанда болған жағдай елдің зәресін алды. Сағат 11:22-де болған сілкініс ошағы қаладан оңтүстік бағыттағы 31 шақырым жерде тіркелді. Ресми ақпарға сүйенсек, дүмпудің күші - 5 балл, магнитудасы - 6,1, ал тереңдігі - 10 километр. Санаулы секундқа созылған сілкіністен соң қала бойынша дабыл жүйесі іске қосылды.

Тербелісті сезген тұрғындар әдеттегідей бірден далаға жүгірген. Шошынған халық бұл жолы сілкіністің қуатты болғанын растап отыр. Басым бөлігі абыр-сабырға берілмей, ережелерді сақтаған.

– Астыңғы қабаттан біреу тарс етіп ұрғандай болды. Бәрін алдық та, далаға шығып, киініп алдық. Қашып шықтық, – деді қала тұрғыны Нұрғали Сатымбеков.

– Дабыл чемоданына бүкіл құжатты, қажетті заттарды жинап қойғанбыз. Соларды алып, бәріміз сыртқа шықтық, – деді қала тұрғыны Әмірхан Даниал.

– Менің жүрегім дүрсілдеп, басым айналып кетті. Бұрын ондай болған жоқ, – деді қала тұрғыны Кәкен Бексүгірова.

Ал сілкіністен кейін дереу шұғыл штабта жиналыс өткізген шаһар басшысы Ерболат Досаев дүмпуден кейінгі әрекеттерді талқылады. Ол төтенше жағдайлар қызметіне ғимараттар мен күштік құрылымдардың жағдайын, өндірістік нысандар мен гидротехникалық құрылымдарды назарға алуды тапсырды. Ал сейсмикалық жағдайды бақылау және болжау - жауапты ғылыми орталыққа міндеттелді.  Жедел штаб және жедел желі ұйымдастырылып, психолог тартылды.

– Тіршілікті қамтамасыз ету жүйелері қалыпты жұмыс істеп тұр. Тұрғын үйлер мен қоғамдық ғимараттардың зақымдануына қатысты түскен өтініштер негізінде комиссиялық тексеріс ұйымдастырылады, – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров.

Қаладағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін мектептер мен оқу орындары бүгін жұмысын тоқтатты. Ал балабақшадағы бүлдіршіндерді ата-аналары қалауы бойынша алып кетті. Мегаполистегі полиция, аурухана мен жедел жәрдем күшейтілген жұмыс режиміне ауысты. Әсіресе қауіпті жағдайға қарамастан басталған отаны жалғастырған дәрігерлер елді сүйсінтті.

Жерасты дүмпуінен кейін әдеттегідей, такси бағасы шарықтап кетті. Электронды қосымша көрсеткендей, қалада 10 балға жуық көлік кептелісі тіркелді.

Ал халықаралық әуежай қалыпты режимде жұмысын жалғастырды. Ал метрополитен тоннельдердің тексерілуіне байланысты уақытша жабылғанымен, араға бірнеше сағат салып қайта іске қосылды. Халық дүмпу кезіндегі видеоларды әлі де желіге салып жатыр. Кейбірінің сыртқа шығып, көңіл көтеріп жатқаны да байқалады.

Еске салайық, бұған дейін 23 қаңтарға қараған түні Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 264 шақырым жерде қуатты жер сілкінісі болғані. Ол кезде халық қаладан шығып кетуге тырысып, көшеде кептеліс туындаған. Дүрбелең салдарынан 70-ке жуық адам зардап шеккен.

Жансая Олжабек, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Жер сілкінісі: Алматыдағы халықты қабылдау пункттеріне 1300-ден астам адам хабарласты

Новости партнеров