Елімізде ата-ананың балаларына дұрыс қарамауы салдарынан оқыс оқиғалар жиілеген

ашық дереккөзден
ашық дереккөзден
Өткен жылы 5600 ата-ана балалардың тәрбиесіне дұрыс көңіл бөлмеген үшін жауапкершілікке тартылыпты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде ата-ананың балаларына дұрыс қарамауы салдарынан оқыс оқиғалар жиілеген. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрілігі мамандарының ақпан айында апта бойы жүргізген  мониторингі нәтижесінде 100 жағдай анықталған. Оның ішінде 42 оқиға ересектердің балаларды қараусыз қалдыруы мен қауіпсіздік талаптарын сақтамау салдарынан орын алған. Мәселенің өзге де себеп-салдарын Almaty.tv тілшісі Қаламқас Нысанбай зерттеп көрді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша жыл сайын әлемде 1 миллион бала әртүрлі жарақат әсерінен көз жұмады екен. Осы мәселенің ең басты себебі балалардың ата-ананың қарауынсыз қалдыруынан орын алады, дейді мамандар. Ал, елімізде өткен жылы 5600 ата-ана балалардың тәрбиесіне дұрыс көңіл бөлмеген үшін жауапкершілікке тартылыпты.

«Негізгі мақсат ата-ананы жауапкершілікке тарту емес, басты мақсат – мемлекеттік құзіретті органдар бар, жалпы білім саласында істеп жатқан азаматтар бар, қоғам болып, барлығымыз осы мәселені, сіздер жақсы көтеріп жатырсыздар, яғни ата-ананың азаматтардың балалардың қауіпсіздігіне деген көңілін аудару», – деді ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаев.

Ал, балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин балалар тек ата-аналардың кінәсінен ғана емес, балабақша, мектеп, басқа да орындардың қауіпсіздікті сақтамауынан зардап шегеді дейді. Көп жағдайда күйік шалады, биіктен құлап мерт болады. Мәселен, өткен жылы елімізде 41 баланың өмірін қызыл жалын қиса, 10 бала газдан уланып көз жұмған.  

«Тіпті, қарапайым уланудан да балалар зардап шегеді. Осы уланудың 60 пайызы дәрілерден болады. Мысалы, ата-аналар мерзімі өтіп кеткен дәрілерді тастамай сақтап жүруі мүмкін. Онымен қоса, ол балалардың қолы жететін жерде тұрса, оны бүлдіршіндер қызық көріп ішіп көреді. Сонымен қатар қарапайым электр тоқтарынан да балалар үлкен жарақат алып арты өлімге әкеп жатады. Баланың аты бала. Бүгін айтқан, ескерткеніңді ертең ұмытып кетеді», – деді ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин.

Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің мәліметіне сүйенсек, осы жылдың ақпан айының тек 12-сінен 19-на дейінгі аралықта балалар арасында әртүрлі себептер бойынша 100 оқыс оқиға тіркелген. Нәтижесінде 17 жеткіншек көз жұмған.  Өрендер көп зардап шеккен өңірлерге тоқталсақ, Шығыс Қазақстанда 19, Түркістан облысында 14, Павлодар облысында 13 жағдай. Жамбыл, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облысында 8.

«Балалардың барлығы жолда жүру ережесі тәртібін біледі. Ал, оны бұзатын біз. Мысалы, кішкене бір 50 метр жерде жолдан өтетін бағдаршам тұр. Біз бағдаршамға бармаймыз. Ана жерден жан-жағымызға қараймызда, үлкендер біттей баланы сүйреймізде, тұра жүгіреміз. Көшеде ондай жағдай көп кездеседі», – деді ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары  Дулат Жекебаев.

Тағы бір айта кетерлігі, өткен жылы елімізде екі жарым мыңнан астам жол көлік оқиғасы орын алған болса, соның  110 жағдайында балалар кінәлі деп танылыпты. Ал, қалған тоқсан пайызы көлікте бала отырса да, үлкендердің қауіпсіздікті сақтамай жүргізуінен болған. Бір сорақысы, 183 кәмелет жасқа толмаған бала қайтыс болып, 3 мыңға жуық бала жарақат алған.

Қаламқас Нысанбай

ГРАФИКА

Балалардың қатысуымен - 100 оқиға

Шығыс қазақстан облысы - 19

Түркістан облысы - 14

Павлодар облысы - 13

Жамбыл облысы, Қызылорда облысы, Солтүстік қазақстан облысы - 8

Новости партнеров