Елімізде тозығы жеткен жылу, электр орталықтарын толық жаңалау үшін 6 жылға жуық уақыт керек. Өңірлердегі жағдайы мүшкіл жылыту нысандарын 2029 жылға дейін қолға алу жоспарланған. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Үкіметтің отырысы күн тәртібінен тыс мәселеден басталды. Өткен аптаның аяғы аяз күшіне еніп, бірнеше өңір жылусыз қалғаны белгілі. Жағдайды Энергетика министрі ауа райынан деп түсіндірді. Теміртау, Екібастұз, Риддер қалаларындағы жылу электр орталықтарында техникалық ақау болғанын жасырмады. Істен шыққан желілер қазір қалпына келтіріліп, температуралық режимге қосылған.
– Көрсетілген жылу электр орталықтарында температуралық режим қалпына келтірілді. Степногорск, Балқаш, Ақтау және Көкшетау қалаларындағы жылу желілеріндегі технологиялық бұзушылықтар нормативтік мерзімде жойылды. Қазір бәрі қалпына келтірілді, – деді ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.
Өткен жылғы Екібастұздағы апат есімізді жиғызғаны белгілі. Энергетика саласында сан жылдар бойы қалып келген қатпарлы мәселеге бет бұрғызды. Ендігі қадам – апаттық жағдайды болдырмайтын әрекет ету. Алайда өңір-өңірлерде тозығы жеткен жылу орталықтарын жаңалау алдағы бірер жылда шешілмейтін көрінеді. Үкімет басшысының бірінші орынбасары жұмыс 2029 жылы аяқталатынын жеткізді. Қазір жылыту маусымы басталғалы құбыр жарылып, су қатып, қазандықтықтар істен шығып жатыр. Роман Скляр «биыл жөндеуден өткен нысандарда ақау шықса, тікелей басшылық жауап береді» деді.
– Жылу мәселесіне бірінші кезекте аталған кәсіпорын басшылары жауап береді. Тіпті қылмыстық жауапкершілік те қарастырылған. Жергілікті әкімдік басшылары да жауапты. Бұл – коммуналдық шаруашылық қызметтері және басқалар. Жылу желілері мен жылу нысандарын күрделі жөндеуге бөлінген қаражаттың қайда жұмсалғанын көріп отырмыз, – деді ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр.
Елдің 5 өңірінде жылу желілері 65 пайыз тозған. Павлодар облысында 82%, Қарағанды мен Абай облыстарында 68%, Шығыс Қазақстанда 66 пайызға жеткен. Өңірлердегі тозығы жеткен жылу желілерін жөндеу үшін биыл қазынадан 86,2 млрд теңге бөлінген.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Ақтауда құбыр жарылып, 16 шағынаудан жылусыз қалды