Алматы облысы, Талғар ауданында газ құбырында апат болып 60 мыңға жуық тұрғын бір мезетте жылусыз қалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тұздыбастау ауылындағы тұрғынның бәрі де үйлерін көгілдір отынмен жылытады. Коммуналдық қызметтің бәрі де бір-біріне байланысты. Тоқ көзі өшсе, үйдегі пеш те істен шығады. Кеше кешкі 7:00-де ажыраған газ бүгін түске таяу қосылған. Оның өзінде қысымы төмен дейді жұртшылық. Қыстық көзі қырауда, түннен тоңып шыққандарын айтады.
«Өздеріңіз білесіздер, қар жауып тұр. Ауа-райы өте суық. Екі сағаттан кейін үй қатты суи бастады. Үйде балалар бар, келіншегім бар. Бізде -5 -10 градуста жағдай осындай. Екібастұздағы жағдайдың қандай қиын екенін түсінгендейміз», – деді Тұздыбастау ауылының тұрғыны Мейіржан Әуелханұлы.
Коммуналдық апат Талғар ауданына қарасты Панфилов ауылында болды. Шіріген ағаш бұтақтары газ құбырына құлаған. Салдарынан мұндағы 10 мыңнан астам жеке сектордағы тұрғын үй бір түннің ішінде көгілдір отынсыз қалды.
Жұрт жергілікті әкімдікке жол бойындағы ағаштардың қауіп төндіріп тұрғанын бұған дейін бірнеше рет айтқан. Десе де олар сөзімізге құлақ аспады деп отыр. Зардабын халық көргеннен кейін ғана мұнда өз қызметкерлерін жіберген. Қазір ағаштарды кесу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жергілікті әкімдіктің айтуынша, бұған дейін Құлжа тас жолы бойының аумағы «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясына тиесілі болыпты. Сол себепті, мұндағы мәселелер назардын тыс қалған көрінеді. Аумақ әкімдік қарамағына биыл ғана өткендіктен ағаштарға санитарлық кесу жұмыстарына қаржы тек алдағы жылы қарастырылыпты.
«Бізге биылдан бастап берілді. Бірақ, бұл біздің планымызда болған жоқ. Жол бойындағы ағаштарды ретке келтіруге алдағы жылы 15 млн ақша бөлінді. Халыққа да айтып жатырмыз, қай жерде қисайып тұрған ағаш болса, суретке түсіріп, адресін жіберсін, біз барып кесеміз», – деді Панфилов ауылдық округінің әкімі Дулат Дәулетәлиев.
Көгілдір отын бір мезетте өшкен Панфилов, Гүлдала және Тұздыбастау ауылдарына «Тәуекел-Н-Алғабас» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қызмет көрсетеді. Белгілі болғандай қызметкерлер түнімен жөндеу жұмыстарын жүргізген. Қазір елді мекендерге көгілдір отын біртіндеп беріле бастады.
«Қазір ауылдың басым бөлігіне газ қосылды. Жерге құлаған құбырды дер кезінде қалпына келтірдік. Қазір жағдай тұрақты. Алдағы уақытта жұмыс толық аяқталса, қауіпсіздік жұмыстарын тағы бір мәрте пысықтаймыз. Алдағы уақытта мұндай олқылық болмайды деп сенеміз», – деді «Тәуекел-Н-Алғабас» ЖШС директорының орынбасары Әсел Тұрғанбаева.
Компания өкілдері көгілдір отыннан ажыраған үйлерге бүгін кешке дейін газ толық қосылатынын айтты. Жалпы бұл жауапкершілігі шектеулі серіктестік Талғар ауданындағы 40 мыңға жуық жеке секторға қызмет көрсетеді.
Ұлағат Арғын, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы