42500 теңге: Қазірге дейін 938 мың адамнан 1 млн 283 мың өтініш келіп түскен

07.04.2020 01:32

Министр әлеуметтік көмек алу үшін арнайы есепшот ашудың қажеттілігі жоқ деді

© Sputnik / Абзал Калиев.

Декретте отырған аналар мен зейнеткерлер 42500 теңге көлемінде көмек ала ала ма? Ал жеке кәсіпкерлер ше? Бұл сұрақтарға бүгін бүге-шүгесіне дейін еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов тағы бір мәрте түсіндіріп берді, деп хабарлайды Almaty.tv  тілшісі.  

Министр әлеуметтік көмек алу үшін арнайы есепшот ашудың қажеттілігі жоқ деді. Ал мемлекетпен тағайындалған жәрдемақыны банктер несие қарыздарына ұстауға құқығы жоқ.

Бір жасқа дейінгі баласы бар декретте отырған аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен жұмыс істемеген зейнеткерлер 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік көмекті ала алмайды. Себебі олар төтенше жағдайға дейін мемлекет тарапынан тиісті жәрдемақысы мен зейнетақысын алып келді. Бірыңғай жинақтық төлемді төлеп, ала салам деген дұрыс емес деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.

«Бала күтімі үшін бір жасқа толғанша мемлекет тарапынан жәрдемақы төленеді. Бір жылдан асқаннан кейін ол кісілер, әрине, жұмысқа барар еді, бірақ қазір ешкімді жұмысқа алмайды. Сондықтан декретте отырған аналар бір жыл өткеннен кейін бірыңғай жинақтық төлемді төлеп, 42 500 теңгеден үміттенуге болады», –  деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан НҰРЫМБЕТОВ.

Мұндай мүмкіндік 16 наурызға дейін қандай да бір жұмыс істеп келген зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарда да бар екен. Олар да әлеуметтік көмекке тапсыра алады. Министр жеке кәсіпкер де жалдамалы жұмысшылары болмаса, өзі үшін өтініш бере алатынын айтты.

«Жеке кәсіпкер ТОО-ның атынан бере алмайды. ТОО-ның жұмысшысы атынан бере алады», –  деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан НҰРЫМБЕТОВ.  

Біржан Нұрымбетов, сондай-ақ, жалақысын ала тұра немесе кәсібін дөңгелетіп жүріп, әлеуметтік көмекке ниеттенген пысықайлар жайлы да пікір білдірді. Бұл әділетсіздікке жататынын айтып, кірісі бар азаматтарға өтінім жібермеуді сұрады. Мемлекет тарапынан көрсетілетін көмекті, шынымен, мұқтаж адамдар алғанын қалайтынын алға тартты.

«Арнайы есепшот ашуды банктер талап етіп жатыр дейді. Бұл дұрыс емес. Ол туралы қаржылық нарықты реттейтін агенттік барлық банктерге нұсқаулық беріп, талап қойды. Ешқандай арнайы шотты ашудың қажеті жоқ, ақша кез келген карточкалық есепшотыңызға аударылады және түскен ақшадан қарызды өтеуге, несие жабуға ақша ұсталмайды. Олай етуге банктердің құқығы жоқ», –  деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан НҰРЫМБЕТОВ.  

Министр қазірге дейін 938 мың адамнан 1 млн 283 мың өтініш келіп түскенін айтты. Кей азаматтардың бірнеше рет жіберіп қойғандығын да жасырмады. Алайда әлеуметтік көмекті бірнеше рет алам деушілер болса, барлығын ақпараттық жүйе қадағалайтынын еске салды. Тағы бір айта кететін жәйт, төтенше жағдайға дейін жоғары кіріс алып келгендер алғашқы айда әлеуметтік көмек алушылардың қатарына ілінбейді. Мәселен, алғашқы 400 мың өтінім келіп түскенде, ақпараттық жүйе, шамамен, 2 мың адам қаңтар, ақпан, наурыз айларында 500 мың және одан да жоғары жалақы алғанын көрсетті. Алайда 16 наурызда олар аяқ асты табыссыз қалып, 42500 теңгеге үміттенген. Моральдық тұрғыдан бұл дұрыс емес, деп жеткізді министр. Ол осы екі мың азаматтан жіберген уақыты үшін кешірім сұрап, алғашқы айда оларға ешқандай көмек көрсетілмеймінін айтты.

Салтанат Нысанбек, Ботагөз Қайырбекова, «Алматы» арнасы, Нұр-Сұлтаннан