Жамбыл облысында қант қызылшасын өсірген шаруалар еңбек ақыларын ала алмай жүр

31.01.2020 03:41

Зауыттың 54 шаруашылық алдындағы қарызы 400 миллион теңгеден асып жығылады

Айтуларынша, келісімшарт бойынша 90 күннің ішінде төленуі тиіс қаражаттарын Меркі қант зауытының басшылығы созбаққа салып, бермей жатыр екен. Ал, зауыттың 54 шаруашылық алдындағы қарызы 400 миллион теңгеден асып жығылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Меркі қант зауытының алдына бүгін 250-ге тарта тұрғын жиылды. Жұмысқа емес, жиналғандар жыл бойы жасаған еңбегінің ақысын даулауға келген. Айтуларынша, аудандағы 60-қа жуық шаруашылық биылдыққа жаз бойы еккен 50 мың тонна қант қызылшасын осында өткізген. Келісім бойынша 90 күн күтіп, ақшаны алуға келгенде, зауыт директорын таба алмай әуре сарсаңға түскен. Наразылық білдіргендердің сұрауы бір, ол – жалақы жайы.

«Бір жылғы табан ақымызды бекерден бекер мына зауыттың иелеріне бере алмаймыз», - деді жиналғандардың бірі.

«Аптап ыстық пен сары аязда жұмыс істейміз, бірақ нәтижесінде ақшамызды ала алмай жүрміз», - деді екіншісі.

«Биыл ешқандай техника болған жоқ. Қолмен істедік бәрін, 4 млн-ға жуық шығынымыз болды», - деді келесі жұмысшы.

«Енді бұл халық ештеңе талап етіп отырған жоқ, өзінің маңдай тер ақшасын сұрап отыр ғой», - деді төртінші бірі.

Шығындарымыз шаш етектен деген шаруалар, ала жаздай еңбекке салған техника мен егілген дәнді дақылды қарызға алғандарын айтады. Сонымен қоса жұмысқа жұмылған ауылдық ағайынның да айлығын төлеп біте алмаған. Жиылған жұртшылық арасында зауыт қызметкерлері де бар. 3 ай маусымдық жұмыс істейтін зауыт, қызметкерлері алдындағы берешегін де бермеген. Мәселеге байланысты жауаптыларды іздеген едік, бірақ тоқтаған зауыттан ешкімді таба алмадық.  

«Басшылықтың өзі жиі келіп тұра ма жұмысқа?», - деген сұрағымызға «Жоқ кеше, алдыңғы күні болған. Басшылар Таразға іссапарға кеткен. Ол жақта да зауыт бар ғой», - деді күзетші.

Ақадал ақысын даулаған тұрғындар сауалын әкімдік өкілдеріне жолдадық. Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы жылда қайталанатын жайттан хабардар екенін жеткізді. Мәселені алдағы уақытта басқарма басшысы толықтай шешемін деп сендірді.

«Қайта қайта сөйлестік, бізді осылай созғылап, осы уақытқа дейін алып келді. Қазір сіздердің алдарыңызда сөйлестік. Шаруалармен де сөйлесті. Нығмашевтың өзі 10 емес, 5 ақпанда шешіп берем деп уәде берді», - деді Меркі аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Садық БҰТАБАЕВ.

Әкімдік уәдесіне көнген көп берілген уәдеге сеніп, айқай-шусыз тарасты. Дегенмен, ашынған шаруалар, мәселе айтылған мерзімде шешілмесе, зауытты қоршап наразылықтарын басқаша білдіретіндерін айтуда.

Мерей Бает, Олжас Ерғали, Мейіржан Ерболатов, «Алматы арнасы» Жамбыл облысынан