Әкімдік табалдырығын тоздырған тұрғындар мардымды жауап ала алмай жүргенін айтты
Жезқазған қаласындағы Деев көшесінің тұрғындары балаларымыздың ойнайтын алаңы жоқ деп налиды, деп хабарлайды Almaty.tv
Әкімдік табалдырығын тоздырған тұрғындар мардымды жауап ала алмай жүргенін айтты. «Жаз бойы балалар өзге аулаға барып ойнауға мәжбүр болды» деген азаматтар жаңа ойын алаңын салмайтын болса ескісін қайтарсын деп отыр.
– Кішкентай балалар көп. Әкімдікке барып, мәселені айтып жүргенімізге 3 ай болды. «Жаңасын саламыз» деп бұзып алып кеткелі бір жыл болды. Балаларымыздың ойнайтын жері жоқ, – деді қала тұрғыны Шолпан Балабаева.
– Бұрын жақсы ойын алаңы болған. Былтыр алып тастады. Менің 5 немерем бар, кешке қарай бәрі жан-жаққа кетеді, – деді қала тұрғыны Уанас Жанайдаров.
Тұрғындар базынасын жергілікті әкімдікке жеткіздік. Наразылық танытқандарға Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің маманы келіп мән-жайды түсіндіруге тырысты. Оның айтуынша, былтыр жұмыс істеген мердігер ұйым ойын алаңын толықтай жаңартуы тиіс болған, бірақ белгісіз себептермен жұмысын аяқсыз қалдырған. Бүгінгі таңда ол ұйымның ісі сотқа жолданып, сот процесі жүріп жатқан көрінеді.
– Тұрғындар өтініші бойынша балалар ойын алаңын саламыз. Жыл соңына дейін жұмыс аяқталады, – деді қалалық ТҮКШ бөлімінің маманы Әділ Темоханов.
Айта кетейік, биыл Жезқазған қаласына 31 балалар алаңы және 18 спорт аумағы салынбақ.
Алтынгүл Төлегенова, Наргиз Жанабекова, «Алматы» телеарнасы, Ұлытау облысы
Оқи отырыңыз: Балқаштағы демалыс орындарының бірінде 30-ға жуық адам уланып қалды