Басты міндет – граната мен автоматты мүмкіндігінше тиімді пайдалану
Атыс шеберлігі, граната лақтыру. Жамбыл облысының әскерилері соғыс жаттығуларына дайындық өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының сарбаздары әскери техниканың көмегімен іс-қимылдарын пысықтауға мүмкіндік алды.
Аймақта әскерге борышын өтеуге келген жас жауынгерлер теория жүзінде оқыған барлық жаттығуын іс жүзінде орындап, алғашқы ауыр сынақтан өтті. «Теріс-Ащыбұлақ» полигонындағы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының таулы-қорықшы бөлімшесінің жауынгерлері алдымен атыс дайындығы мен граната лақтыру жаттығуын пысықтады.
Жаттығудың ең қиын кезеңі – ондаған тонна тартатын брондалған техниканың астына жату. Басты міндет – граната мен автоматты мүмкіндігінше тиімді пайдалану. Олардың сабағы көршілес «Айша бибі» полигонында да өтті. Ал механикаландырылған бригаданың сарбаздары жаяу әскердің жауынгерлік машинасының астында жатты.
– Қорқыныш болады, әрине. Сарбаз болған соң, бойдағы қорқынышты жеңесің. Сол үшін де әскерге қызмет етуге келдік. Полигондағы атысты, тактикалық жаттығуды жақсы өткіздік, – деді қатардағы жауынгер Сырым Төрехан.
Газдан қорғайтын маскасын киіп, жаудан жасырыну үшін Пластун жолағын еңсеру. Бұл – жекпе-жектің элементтері. Жауынгерлер аталмыш негіздерді неғұрлым жақсы игерсе, олардың басқа тапсырмаларды орындауы жеңіл болады.
– Жас сарбаздарға сабақ қиын деп ойлаймыз. Бірақ қорқынышын жеңуге көмегі зор, – деді Әскери бөлім командирінің жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары Қуаныш Ермекбаев
Әскери өмірдің дәмін енді татқан жас сарбаздар үшін бұл ерекше іс-шара болды. Себебі нағыз жауынгерлік міндеттер нақ осы оқу-жаттығуда сыналады. Басшылық құрамның айтуынша, бұл – жас сарбаздардың шыңдалып, әскери өмірге бейімделуіне жасалған нақты қадамы.
Жомарт Есқара, Дина Мухаринова, Владимир Мартыненко, «Алматы» телеарнасы, Жамбыл облысынан
Оқи отырыңыз: Қапы қалмаңыз: көрермен көзайымына арналған үздік жобалар