Ауыл шаруашылығында заманауи технология. Жамбыл облысы Жуалы ауданының тұрғыны тыңайтқыш себудің тың тәсілін ойлап тапқан, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сәулембек Көмекбаев есімді шаруа егіс алқаптарында ауыр техниканың орнына квадрокоптерді пайдалануды жөн көріпті. Бір қызығы, жаңа тәсілдің артықшылығы көп, сәйкесінше қызығушылық танытқан азаматтардың да саны артқан. Тіпті бұл тәсілге бүтіндей бір ауданда сұраныс туып отырған көрінеді.
Пилотсыз технология қазір сан салада дамып жатыр. Кезек ауыл шаруашылығына келгендей. Сәулембек фермердің қолына темірқұсты қондырғанына 1 жыл уақыт болған. Тыңайтқышты жерден емес, көктен шашудың оң әсері мол, егін техникамен тапталмайды әрі уақытты да үнемдейді дейді.
«Осы дронды алғанымызға 1 ай болды. Бұл – жаңа технология. Шығынды аз қажет етеді, жұмыс өнімділігін арттырады»,– дейді шаруа Сәулембек Көмекбаев.
Қазір ауыл азаматы дронды басқарудың қыр-сырын балаларымен бірге меңгеруде. Тіпті өз ауданындағы өзге де егіс алқаптарын тыңайтуды бастап кеткен. Күндіз тыңайтқыш буланып кетпес үшін жұмыс түнгі уақытта жүреді. Мамандар қараңғы мезгілде тыңайтқыш сіңімді болады дейді.
«Сәлембек алып келген дронмен 55 гектарды бірінші тұқымын дәріледік, екінші 10 см шығып қалғанда тағы дәріледік. Нәтижесі өте жақсы», – деді шаруа Қанат Көсембаев.
«Дәріні сепкен соң, 2-3 күннен кейін нәтиже болды. 2-3 см дейін арпа-бидайымыз көтерілді. Енді келер жылы осы технологияны пайдаланамыз деген ойымыз бар», – дейді Күреңбел ауылдық округінің әкімі Ғани Жұбаев.
Әлбетте, құрылғы да арзан тұрмайды. Нарықта мұндай дронның бағасы 8 миллион мен 14 миллион теңгенің аралығында тұрады. 1 сағатта 20 гектар аумаққа тыңайтқыш шашуға қауқарлы. Аудандық әкімдіктегілер бірнеше дихан мұндай құрылғы сатып алуға ниет білдіргенін мәлімдеді. Алайда қазір оған мемлекеттен ешқандай қолдау көрсетілмейді.
«Әзірге дрондарға субсидия жоқ. Бірақ алдағы уақытта ұсыныс беріледі. Негізі ауыл шаруашылығы техникаларының барлығына 25% субсидия төленеді, соған дрон ілінуі керек», – деді Жуалы ауданы әкімінің орынбасары Рақымғазы Құниязов.
Ал квадрокоптерді кәсіп қылып, нәсібін арттырған шаруа жұмысты әрмен қарай күшейтпек. Жоспарында техниканы тағы да толықтыру барын жасырмады.
Жомарт Есқара, Асылжан Шымкент, «Алматы» телеарнасы