Ұлт ұлының жарқын бейнесі көңіл көгінде сақтала бермек
«Сен туғанда шешең бекер қалжа жемеген екен!». Додаға түскен қазақ спортшыларына осылай деп дем беріп, делебесін қоздырған спорт комментаторы Амангелді Сейітхан өмірден озды. Індеттің ілмегіне қазақ журналистикасының тағы бір қара нары ілікті. Ұлт ұлының жарқын бейнесі көңіл көгінде сақтала бермек. Almaty.tv тілшісінің сюжетінде.
Жарқын бейнесі ғана емес, Амангелді Сейітханның саңқылдаған үні де көптің құлағында. Оның «Жеңісті күндерде жолығуды» тілеп аяқтайтын көрсетілімдері де қазақ спорт журналистикасының алтын қорына еніп кетті. Ол өзіндік стилімен айтса, айыз қандырар қазақы мақамы, көркем сөз саптауымен ерекшеленді, ел спортын ұлттық нақышқа бөледі...
«Арманы бар еді. «Мен футбол жаттықтырушысы болсам» деген. Бір қарасаң утопия сияқты көрінеді. Бірақ қазақтың балаларын алып алып, біраз намысқой жігіттерді тәрбиелеп шығатын еді. «Бізде бапкерлердің көпшілігі физикалық дайындыққа мән бермейді. Сөйтіп, біздің футболшылар 60-70 минутта өкпелері өшіп, жатып қалады. Мен 120-150 минут ойнайтын жігіттерді дайындап шығып, оған ұлттық намысты қосып жіберсем, біздің жігіттер ешкімді теңестірмес еді», деуші еді. Сондай бір арманын айтып отыратын. Ол арманға да жете алмай кетті», – деді ақын, журналист Есей Жеңісұлы.
Қаймағы бұзылмаған қара сөздің қасиетін білген Амангелді айтыскер де еді. Балуан, боксшылардың жарыс алдында намысын қайрап, жігерін жану үшін арнау айтып, дәріс оқитын. Реті келсе, сынай сөйлеп, сыбап та алатын. Қалай болғанда да, ел спортының еңсесі тіктелсін деген шын жанашыр еді. Күні бүгінге дейін оның Бекзат Саттархановқа айтқан айбынды сөзі ел есінде. Ал журналистикада жолы түйіскен іні-бауырға құшағы айрықша кең, мінезі бөлекше биік еді.
«Спорт деген енді бір сиқыр ғой, шынын айтқанда. Мынау жасыл алаңда жігерсіз, намыссыз ойнап жүрген футболшыны көрсе немесе қолда тұрған жеңісті бере салған боксшы, палуанды көрсе, қаны қайнап, қызуқанды боп мақала жазып, әлеуметтік желіде пікірін айтып, аямай сыбап та алатын», – деді ҚФФ баспасөз қызметінің жетекшісі Ермұхамед Мәулен.
«Қазақтарды көбейтейік, қазақ балалар көбірек ойнасын. Ауылдық жердегі балаларға көп көңіл бөлейік, сол жаққа барып көріңдер. Сол жақты көрейік, көтерейік», деген сөздерді айтататын. Сондықтан Аман ағаның аманаты шығар бұл тастап кеткен. Ауылдық жердегі балаларды көбейтіп, соларды баулу», – деді Футболдан Қазақстан жастар құрамасының бас бапкері Қайрат Нұрдәулетов.
1998 жылы отандық телеарна футболдан Франциядағы әлем чемпионатын тұңғыш рет қазақ тілінде таратқан еді. Ол тұста ойын тізгінін қазақ журналисінің ұстауы, көрсетілімді қазақша таратуы ел күтпеген жаңалық болатын. Сол ойында Амангелді ағаның: «Бір голдың болатыны сөзсіз бүгін, дәл қай минутта екенін айта алмаймын», дегені бүгінге дейін өз ортасында ұмытылмай келеді. Ол жақсылыққа сенетін, күдер үзбейтін, қам жасайтын... Амангелді Сейітхан қазақ спортының да еңселі болуына шын сеніп кетті...